02 қар, 2019 сағат 20:13

Бокс: Иса Ақбербаев Тищенкодан жеңіліп қалды

Ресейдің Екатеринбург қаласында бұған дейін жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Иса Ақбербаев (20-0, 15 КО) пен ресейлік Евгений Тищенконың арасында жекпе-жек өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірінші ауыр салмақтағы айқас WBO Inter-Continental титулы үшін өтті.

Кездесу 10 раундқа есептелген болатын. Алайда, соңғы межесіне дейін созылған жоқ. Қазақстандық боксшы бесінші раундта нокдаунға түсіп, күшін жоғалтты. Кейін жетінші раундқа шығудан мүлдем бас тартты. Осылайша, Тищенко өзінің чемпиондық белдігін қорғап қалды және профи-рингтегі алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Ал Иса Ақбербаев өз мансабында алғаш рет ұтылды.

Еске салсақ, Евгений Тищенко бұған дейін қазақстандық тағы бір боксшы Василий Левитпен қолғап түйістірген болатын. 2016 жылғы Олимпиадада төрешілердің шешімімен жеңіс ресейлік спортшыға берілген еді. Алайда, кейін бұл жеңіс жанкүйерлер мен спорт сарапшыларының арасында дау туғызды.