13 ақп, 2020 сағат 10:55

БҚО тұрғынынан 100-ден астам киік мүйізі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғынынан 100-ден астам киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 12 ақпан күні Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылы маңында орын алды.

Осы ауданның 1990 жылғы тұрғынынан 102 дана киік мүйізі табылды.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 339-1-бабына (киіктерді заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мемлекетке келтірілген шығын анықталуда.

Айта кетейік, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің жаңа бабы қолданылды. Бұл бап бойынша оның мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Биыл елімізде жаңа жылдан бастап браконьерлікке байланысты заң талаптары қатаңдатылған болатын.

Облыста заңсыз киік аулау және сонымен айналысып жүрген қылмыстық топтардың жолын кесу бағытында БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтың бұйрығымен тәжірибелі қызметкерлерден жедел тергеу тобы құрылды. Оған департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылғали Меңдіғалин жетекшілік етеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да браконьерлердің 45 киікті атып өлтіріп, өлексесін далаға тастап кеткенін жазған болатынбыз.