28 мам, 2020 сағат 13:39

БҚО-ның Тасқала ауылы карантинге жабылды

Батыс Қазақстан облысында Тасқала ауылы карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудан әкімі Алдияр Халеловтің Фейсбуктегі парақшасында мәлім еткеніндей, аудан аумағында қауіпті вирустың таралу қаупі сейілмей отыр.

Ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып, соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар үш адамға өскен. Осыған байланысты аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 28 мамыр күнгі сағат 00.00-ден бастап Тасқала ауылын карантинге жабу туралы шешім қабылданды.

Күні бүгінге дейін Тасқала ауылы бойынша 19 тұрғын індетке шалдықса, соның 9-ы жазылып шықты. Сонымен қатар басқа ел мен аймақтан келген 28 ауыл тұрғынынан да коронавирус табылып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші, бұл күрделі кезеңнен аман-есен шығуымыз әрқайсысымыздың қолымызда. Сондықтан да аудан тұрғындарынан қабылданған шараға түсіністікпен қарап, үнемі бетперде мен қолғап киіп, антисептік қолдану, басқа да санитарлық талаптарды қатаң сақтау сұралады», деді аудан басшысы.

БҚО әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, коронавирус жұқтырған соңғы 21 адамның 15-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар.

Төрт адамнан профилактикалық мақсатта сынама алынған кезде анықталды.

Екі адам – Ресейде жұмыс жасайтын Шымкент пен Алматы қаласының тұрғындары. Бұлар «Тасқала» және «Ақсай» автоөткелдерінен өткеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылған.

Осылайша облыста ауырғандар саны 493-ке жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы он күнде коронавирус жұқтырғандардың 70 пайызға өскенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, облыста Сырым ауданы мен Жәнібек ауылында екі ауыл карантинге жабылған болатын.