06 қар, 2018 сағат 16:39

БҚО мен Павлодар облыстары Түркістанға тарихи орындар орталығын салып береді

Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстары Түркістанға тарихи-киелі орындардың орталығын салып беретін болды. Бүгін өңірге ҚР Президентінің хаттамалық тапсырмасын орындау шеңберінде Түркістан қаласына осы өңірлердің сәулет және қала құрылысы және құрылыс басқармаларының басшылары келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі облыстан келген Нұрлан Қақамбетов пен Алтынбек Қайсағалиев аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болып, «Түркістан облысының тарихи-киелі орындарының орталығы» ғимаратының құрылысы бойынша мәжіліске қатысты. Жиын барысында өңір басшысы құрылыс жұмыстары биыл басталу керектігін атап өтті.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында салынатын нысандарды талқылап, зерделеуге ең алғашқы болып Павлодар мен Батыс Қазақстан облысының өкілдері келіп отыр. Ол үшін Сіздерге және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке алғыс айтамын. Алдымен алаңдағы тарихи ескерткіштердің орналасу тәртібі реттелу керек. Туристерге және қала тұрғындары үшін ыңғайлы болу үшін сауда орындары жұмыс жасап, отбасылық серуендеуге жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Орталықта бой көтеретін кешендердің дәлме-дәл көшірмесінің биіктігі шамамен 3-4 метр болады. Қойылған тапсырманы тиянақты орындау үшін үшжақты келісімге келіп, жол картасын әзірлейміз», - деді Жансейіт Түймебаев.


Өз кезегінде қала қонақтары жаңа облыс орталығының көркеюіне барынша қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.