25 шіл, 2018 сағат 06:52

БҚО-да жүздеген шаруашылық полигон аумағында орналасқан

Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданындағы 127 мал шаруашылығы Ресей жалға алған әскери сынақ полигоны аумағында орналасқан. Бұл туралы Азаттыққа аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов айтты.

Әкімнің сөзінше, жалға алған жер қауіптілігі жағынан үшке бөлінген. Шаруашылықтар үшінші категорияда орналасқан.

- Үшінші категорияда сынақ өте аз болады. Негізгі сынақтар бірінші және екінші категорияда жүргізіледі. Әскерилер ол жерде сынақ басталғаны туралы ескерту жасауға міндетті емес. Себебі ол маңда біздің шаруашылықтар болмауы керек, - дейді әкім.

Әкімдіктің есебінше, Бөкей Орда ауданының барлық аумағының (1 млн 931 гектер) жартысын (944 мың гектар) Ресей жалға алған. Онда Ресейдің Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы мен Капустин Яр сынақ алаңы орналасқан.

Астана мен Мәскеудің келісімі бойынша бұл аймаққа құрылыс салуға тыйым салынған. Ал аудан басшылығы аймақтағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

2017 жылы аймақтағы 1400 гектарды Қазақстан қиыршық тас өндіру үшін қайтарып алған.