23 ақп, 2021 сағат 16:50

БҚО-да жолаушылар кішкентай баламен бірге қар құрсауында қалды

Батыс Қазақстан облысында жолаушылар кішкентай баламен бірге қар құрсауында қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 23 ақпан күні Орал-Саратов жолы маңы, Бәйтерек ауданы Зеленый ауылы тұсында болды.

Сағат 14.52-де «Ниссан» автокөлігінің қар құрсауында кептеліп қалғаны жөнінде хабар түсті. 

Шақырту орнына жедел жеткен құтқарушылар 4 адамды жылыту пунктіне жеткізді, олардың біреуі – кішкентай бала.

Жолаушылар қар құрсауында үш сағаттай тұрып қалғанын айтып, құтқарушыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ сағат 13.37-де Орал қаласы Ветелки ауылы тұсында жедел жәрдем көлігінің қар құрсауында қалғаны жөнінде мәлімет түсті.

Құтқарушылар көлікті қар құрсауынан шығарды. Адамдарды эвакуациялау кезінде жауынгерлік киімнің белбеуін де пайдаланды. Соның нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ.