27 мам, 2020 сағат 06:40

БҚО-да соңғы он күнде коронавирус жұқтырғандар 70 пайызға өсті – әкім үндеу жасады

Карантин талаптарын сақтамайынша, шектеу шараларын жеңілдету мүмкін емес. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір тұрғындарына арнаған үндеуінде мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әкімнің мәлім еткеніндей, төтенше жағдай кезінде облыста коронавирустың алдын алу және оны таратпау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. 

Аймақта карантин режимі сақталғанымен, кейбір азаматтар өз қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамай жүр. Соның салдарынан 11-25 мамыр аралығында облыста COVID-19 ауруын жұқтыру 70%-ға өсті. 26 мамырда облыс бойынша жұқтырғандар саны 467-ге жетті.

Егер бұрын аурудың өсімі Ресей Федерациясы мен Атырау облысынан келген адамдар есебінен болған болса, бүгінде індеттің облыс ішінде өсімі байқалады.

Сонымен қатар Орал қаласы мен аудандарда карантиндік режим талаптары сақталмай отыр. Бірінші кезекте тұрғындар маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты қарапайым талаптарды орындамай жүр.

Бір-біріне қонаққа бару сияқты құқықбұзушылық фактілері де бар. Соның кесірінен облыстың сегіз бірдей ауданында 37 ауру ошағы пайда болды.

Бүгінгі таңда аймақта ауру жұқтырған адамдарды анықтау үшін жаппай арнайы тестілеу өткізілуде. Күніне орташа есеппен 600-700 адам тест тапсыруда. Олардың арасында инфекцияны жұқтырғандар да кездеседі.

Бұл - инфекцияның облыс аумағында кең ауқымда тарағанының белгісі. Көбінде адамдарда коронавирус жұқпасы айқын ауру белгілерісіз өтуде.

Аурудың айқын белгілері болмауының қауіптілігі - жұқтырған адам - ​​инфекция көзі болып табылады. Инфекция жұқтырған адам ауру туралы білмей, басқаларға жұқтыруы мүмкін. Бұрын тек жасы үлкен адамдар ғана инфекция жұқтыру қаупі жоғары деген қате түсінік қалыптасқан еді. Бұл теріс пікір. Бүгінде аталған ауру жас таңдамайтынына көз жетіп отыр.

Бүгінгі таңда облыста тіркелген 467 науқастың 21-і он төрт жасқа дейінгі балалар болса, ал қалған басым бөлігі - 50 жасқа дейінгі азаматтар. Сондықтан жасы мен денсаулығына қарамастан бұл аурудан төнетін қауіп барлығына бірдей.

Кейбір азаматтар коронавирус бар екеніне сенбей жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Вирустың қауіптілігі - оның кейбір адам ағзасына өте тез әсер етуінде. Мысалы, Теңіз кең орнында қызмет еткен азамат 2 күннің ішінде реанимацияға түсті. Дәрігерлер еңбегінің арқасында ол өлім ауызынан құтқарылды. 

Сондықтан коронавирустық инфекцияның белгілері анықталса, тез арада жедел жәрдемге хабарласу қажет. Өздігінен емделуге болмайды.

«Вирустың көбеюіне байланысты біз көптеген бизнес нысандарды, балабақшаларды, басқа да ойын-сауық орындарын аша алмай отырмыз. Соның салдарынан мыңдаған отбасы несиелерін төлей алмай, тауарларын сата алмай, шығынға батып отыр. Біз оларға тезірек жұмысқа оралуына, еңбек етуіне және отбасыларын асырауға мүмкіндік беруіміз керек. 

Карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдау үшін бір ғана нәрсе қажет - қауіпсіздік талаптарын сақтау. Бұл қиын емес. Басты мақсат - көп адам шоғырланған жерлерге бармай, талаптарды қатаң сақтау. Маскалар мен антисептиктер сатылымда жеткілікті.

Осы жағдайларды ескере отырып, облыс әкімі және жедел штаб басшысы ретінде, аймақта карантин талаптары тиісті түрде сақталмаса, режимді қатаңдатуға мәжбүр болатынымызды айтқым келеді. Біздің ортақ мақсатымыз - инфекциядан біржолата толықтай құтылу.

Сондықтан тағы да барлық облыс тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын», деді өңір басшысы.