09 сәу, 2020 сағат 09:32

БҚО-да коронавирус жұқтырған науқас ауруханадан шығуға дайындалып жатыр

Батыс Қазақстан облысында коронавируспен ауырған науқастың біреуінің жазылып шығуы жақын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов брифингте мәлім еткендей, қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында төрт емделуші жатыр.

«Бәрінің де жағдайы тұрақты. Соның ішінде бір әйел ауруханадан шығуға дайындалуда. Одан екі рет бақылау сынамасы алынып, коронавирустың жоқтығын көрсетті. Енді комиссия оң шешім қабылдаса, үйінде карантиндік ем алуды жалғастырады», деді Б.Каюпов.

Б.Каюповтың айтуынша, облыста 92 адам стационарлық карантинде жатыр. 3608 адам үйден бақылануда. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған екі адамның Өзбекстан азаматы болып шыққанын жазған болатынбыз.