25 ақп, 2021 сағат 15:30

БҚО-да Қарашығанақ кенішінде 41 адамнан коронавирус анықталды

Жыл басынан бері Қарашығанақ кенішінде «ҚПО б.в.» компаниясында жұмыс жасайтын 41 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, олардың 15-інен жұмысқа кірісер кезде, 10-ынан вахталық ауысым біткеннен кейін 16-сынан жұмыстан тыс уақытта медициналық көмекке жүгінгенде індет табылды.

Сондай-ақ Чинарев кенішіндегі «Жайықмұнай» ЖШС-ның 33 жұмысшы-қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Облыста осы кезге дейін 12769 адам дертке шалдығып, соның 10283-і сауығып шықты.

Соңғы тәулікте 82, бір аптада 440 адамнан жұқпалы індет шықты.

Күні бүгін инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 7, оттегі концентраторына 7, орталықтандырылған оттегі көзіне 63 адам қосылған.

Өңірдегі 7 инфекциялық ауруханада 270, 4 карантиндік стационарда 4 адам емделуде. 19 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Биыл отбасы мүшелерінен ауру жұқтырған 261 баладан коронавирус табылды. Оқу жылы басталғаннан бері ауырған балалар саны 466-ға жетті.