13 шіл, 2018 сағат 13:36

"Бізге қызыл дипломды студент емес, өз ісінің шеберін дайындау қажет" - Сағынтаев

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеге іссапарымен келген Бақытжан Сағынтаев «Жаңажол» кен орнын аралап, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Медицина, спорт, өнер саласындағы жаңа құрылыстарды қарап, Ақтөбеге ғана емес, Астанаға да қажетті орталықтардың жұмысын бағамдады. Ал облыс активімен кездесу кезінде өндіріс орындарын модернизациялау, кадр дайындау, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту бағытында тапсырмалар берді.

«Индустрияландыру 4.0» деп айтамыз. Қазақстан бойынша 600 кәсіпорынға талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша кәсіпорындардың басым көпшілігі «Индустрияландыру 1.0», «Индустрияландыру 2.0» деңгейінде қалып қойғаны анықталды. Яғни, заман талабына сай келмейді. Салынып жатқан кәсіпорындар жаңа технологияны пайдаланады, ал бұрынғы өндіріс орындарына өзгеріс енгізуі керек. Егер өзгеріс болмаса, бәсекеге төтеп бере алмай, өнімдері сатылмай қалады. Соңында тарифті төмендетуді, субсидия сұрайды. Бұл дұрыс емес. Өндіріс орны технологияны ауыстырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуі шарт. Экономиканы дамытуда тау-кен, мұнай, шикізат сатысынан өтіп, әлеуметтік экономиканы, қызмет көрсету саласын алға жылжыту керек. Қаржылық айналымы 2 миллион теңгеден асатын шаруашылықты көбейтіп, микробизнесті шағын және орта бизнеске жеткізу қажет»,- деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Жиын кезінде Премьер-Министр кадр дайындауға көп көңіл бөлуді тапсырды. Алтын белгі иегері, қызыл дипломның иесін емес, өзіндік ойы бар, өндірісті өрге сүйрейтін, инновациялық көзқарасы басым маманды дайындау жергілікті билікке де тікелей байланысты.


«Жаңа экономикалық дамуға көшеміз десек, білікті кадр дайындау қажет болады. Балабақшадан бастап, университетке дейін ескі тәсілмен жұмыс істесе, кадрды қалай дайындаймыз? Сондықтан білім саласына күш салу керек. Колледждердегі әдістемелерді өзгерту шарт. Мамандықтарды нақтылап, оларға қалай білім берілетіні қадағаланғаны дұрыс. Себебі, колледждерде бәрі ескі әдіспен қалып қойған.

Ақтөбедегі зауытта инженерлердің қайдан екенін сұрадым. Бәрі жергілікті жерден, бірақ Қытайға барып тәжірибе жинап келді. Неге Қытайға барып оқиды? Базаны құрып, білімді жергілікті жерде беруге болады. Бізде мүмкіндік бар. Егер бәрін реттемесек, маманның бәрін шетелден тасып, шетелге оқытып жүре береміз. Бұл мәселе университетке де байланысты. Біз баламызды жоғары оқу орнына түсіруге талпынамыз. «Тиімді ме, сол жолмен жүре ме» деген сұрақ көбіне ата-ананы ойландырмайды. «Жоғары білім алды, дипломы бар» дегені маңызды. Бәлкім колледжде оқыса, одан да жақсы маман шығуы мүмкін ғой.

Мәселен, Францияда «Мектеп 42» деген оқу орны бар. 2 жыл оқиды, диплом бермейді. Тегін оқудан шыққан адам айыппұл төлейді. Онда қызыл, көк диплом деген жоқ. Оқып, сертификат алған түлекті жұмысқа алуға ірі компаниялар кезекке тұрады. Кәсіпкер үшін сұранысқа ие өнім шығару үшін қызыл дипломның қажеті жоқ. Оған өз ісінің шебері, ойы мен инновациялық көзқарасы бар кадр керек», - деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.