15 қар, 2018 сағат 10:01

Біздің басты проблемамыз – антибиотиктерді орынды-орынсыз пайдалану

12 қараша – Дүниежүзілік пневмонияға қарсы күрес күні өтті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды мәселенің бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жұртшылық арасында көп кездесетін аурулар көшін тыныс жолдары аурулары бастап тұр. Ал, пневмония – балалар арасындағы өлім-жітімнің басты себепкері. Пневмониядан сақтану жолдары мен оған түрткі болатын жағдайлар туралы біз жоғары санатты дәрігер-пульманолог, медицина ғылымдарының кандидаты Саттар Ералиевпен әңгімелестік.

- Саттар аға, Қазақстанда тыныс жолдарының қандай аурулары жиі кездеседі?

- Қазақстанда кең таралған әрі жиі кездесетін өткір аурулар қатарында өткір респираторлық вирусты инфекция мен пневмония жиі кездеседі. Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ХОБЛ) мен демікпе де осы қатарда.  

- Пневмонияның біздің елде де, дүние жүзінде де үлкен проблемаға айналып отырғаны рас. Бұл ауруды толық жеңе алмауымызға не себеп?

- Клиникалық зерттеулерге сүйенсек, диагнозды дер кезінде қою көрсеткіші тым төмен. Себебі, ауруды емдеу – диагноз қоюдан басталады. Басты себебін таппай, оның салдарымен күресу кез-келген науқасты өлімге душар етуі мүмкін.  Екінші проблема – инфекция тарататын агенттердің жыл санап көбейіп келе жатқанында. Мәселен, бұрын құс тұмауы тек құстардың ғана ауруы болатын. Қазір ол адамдарға да қауіп төндіріп отыр. Яғни, аурудың себебі мен оны таратушылар көбейіп барады. Жер бетінің белгілі бір бөлігіне ғана тән ауру қоздырғыштары саяхатшылар арқылы өзге елдерге таралып жатыр. Оған антибиоктиктерге төзімділік (резистенттілік) проблемасын қосыңыз. Жалпы, бұл әлемдік қана емес, посткеңестің кеңістік елдері үшін де аса маңызды проблеманың бірі. Шетелдік дәрігерлерді кейде: пациентке ақырына дейін антибиотик бермейді деп сынап жатамыз. Ал, бізде керісінше, оңды-солды тағайындала береді. Науқастардың өздері де дәрігердің кеңесінсіз-ақ, дәріханадағы фармацевтің айтуымен сатып ала салады. Дәріге төзімділік деген міне, осыдан келіп шығады. Ендігі фактор – ауаның ластануы. Әлбетте, пневмония мен ауаның ластануын бір-бірімен тікелей байланыстыруға болмайды. Дегенмен лас ауамен тыныстаған адам ауруға бейім келеді. Пневмония – үлкен проблема. Әлем бойынша бұл аурудан көз жұматындар саны СПИД, малярия, қызылшадан болатын өлім-жітімнен бірнеше есе көп. Бірақ біз бұл аурудың қауіптілігін түсіне бермейміз.

- Пневмония қоздырғыштары уақыт өткен сайын көбейіп барады дедіңіз. Ал, емдеу мен диагностика тәсілдері қаншалықты дамып жатыр?

- Диагностикалық мүмкіндіктер артып, емдеу тәсілдерінің жақсарып жатқаны рас. Бірақ оның да түйткілді тұстары аз емес. Мәселен, пневмонияны анықтау үшін рентген жасалады. Бірақ кейде әртүрлі себептермен оны рентген арқылы да анықтау мүмкін болмай қалатын кездер болады. Ондайда компьютерлік томография (КТ) жасалады. Бірақ оны жиі қолдануға болмайды. Мен лекция оқығанда дәрігерлерге елдің бәрін, әсіресе, жас келіншектерді компьютерлік томографияға жібере бермеңдер деп айтамын. Өйткені, жыныс бездері, сүт бездері радиотолқындарға сезімтал келеді. Ешкімді қорқытқым келмейді, дегенмен әр нәрсенің орнымен болғаны дұрыс.

Емдеу тәсілдеріне келсек, бұл жерде антибиотиктерді сөз етпей болмайды. Соңғы жылдары бірде-бір жаңа антибиотик жасап шығарылған жоқ. Жаңа деп жүргеніміздің өзі – жаңа емес, бір кезде уыттылық деңгейі жоғары болғандықтан қолданысқа енбей қалған, бірақ кейін жетілдірілген ескі антибиотиктер. Бірақ олар организм үшін бәрібір ауыр. Дәрілердің жаңартылған, жетілдірілген түрлері шығып жатыр. Алайда, ғалымдар жаңа антибиотик шығарады деген үмітімізді үзбейміз. Өкінішке орай, жаңа антибиотиктің бағасы да қымбат болады. 2000 жылдардың басында Американың жұқпалы аурулар қоғамы АҚШ Конгресі алдында «Bad bugs, no drugs» деп аталатын баяндама жасады. «Вирустар нашар, емдейтін дәрі жоқ» деген мағына беретін осы баяндамадан кейін Конгресс ақша бөлді. Соның арқасында қазір жаңа антибиотиктер жасалып жатыр.

Медицинада қолданыстағы препараттардың дозасы немесе қабылдау ұзақтығын өзгерту тәжірибесі бар. Мысалы, бәріміз Азитромицин деген антибиотикті жақсы білеміз. Бұрын дәрігерлер оны 3 күн іш дейтін. Ал, қазіргі әлемдік гайдлайндар: төзімділік пайда болмас үшін 3 күн емес, 6 күн ішу керектігін айтады. Тағы бір мысал: фторхинолондар класы деген бар – соңғы кезде олардың да дозасын өсіруге кеңес берілді. Бұрын біз бұл препаратты 0,5 дозамен тағайындайтын болсақ, қазір ол 0,75 деген дозамен шығарылады. Бұл да сол төзімділік пайда болмас үшін жасалған шара.

Негізінде, біздің басты проблемамыз – антибиотиктер емес, оларды орынды-орынсыз пайдалану. Пневмонияны емдеуге қолбайлау болып, аяғымыздан шалып жатқан – осы. 

- Біз антибиотиктерді ойланбай, оңды-солды пайдаланамыз, «өз-өзімізді емдейміз». Әбден асқынып кетпейінше дәрігерге қаралмаймыз. Жалпы, дәрігерге қаралу керектігін білдіретін симптомдар қандай?

- Қандй да бір спецификалық белгі жоқ. Дене қызуы 40 градустан асып кетсе дәрігер шақыру керектігін бәріміз білеміз. Ал, төзуге болатын өткір респираторлық аурулар кезінде, қызу болса да, болмаса да үйде жату керек. Жөтел басылмаса – дәрігерге барыңыз.

Көбіміз жөтеліп, тұмауратып ауырғанда жатпаймыз, жүре береміз. Себебі жұмыстан қалуға болмайды. Бұл дұрыс емес. Себебі, ОРВИ бронхитке, тіпті, кей жағдайларда пневмонияға ұласып кетуі мүмкін. Өткір респираторлық аурулар кезінде жылы сұйықтық, қызу түсіретін дәрілер ішу керек, көпшілік ортаға бармаған дұрыс. Қабыну процесінің бронхқа, тыныс алу органдарына түсіп жатқанын байқасаңыз дәрігерге баруға асығыңыз.

Кейде пневмонияға шалдыққан пациенттер «иммунитетім төмендеп кеткен ғой» деп жатады. Пневмонияға шалдыққан адамның бәрінің иммунитеті нашар деуге болмайды. Иммунитеті осал адам да, күшті адам да бұл аурумен ауыра береді. Пневмонияның қоздырғышы күшті, сондықтан ол иммунитетке «пысқырмайды». «Антибиотик тағайындамады» деп учаскелік дәрігерге ренжитін науқастар да бар. Олар диагнозға көз жеткізбейінше бірден антибиотик жазып бере алмайды. Бір жаманы – бактерияға қарсы терапияны дер кезінде бастамаса пневмония асқынып кетеді. Сондықтан дәрігерге уақтылы барып, дұрыс диагноз қоюдың маңызы зор.  

- Пневмонияның алдын алу жолдары қандай?

- Ең алдымен, аяқты жылы ұстау қажет. Әлбетте, тоңғаннан пневмония пайда бола қоймайды, бірақ суық адамның иммунитетін әлсіретеді. Аязды күні бір сағат аялдамада тұрып қалған адамның ағзасына түскен микроб ауруға шалдықтыруы мүмкін. Ал, жылы жерде отырған адамның ағзасына түскен сол микроб ешбір ауру тудыра алмайды. Екіншіден, респираторлық аурулардан сақтанып, мсака тағып жүру керек. Бірақ масканы жиі ауыстыру қажет. Адамдар тұмау түшкіргенде жұғады деп есептейді. Шын мәнінде, вирус қол алысып амандасқанда жұғады. Тұмауратқан адам мұрнын жиі-жиі тартады, қолымен ұстайды, содан кейін біреу-міреуге қол беріп амандасады, автобустағы тұтқаны ұстайды дегендей... Үшіндішен, вакцинация. Вирустық инфекциялардың көбінің асқыну қаупі жоғары болады. Біз өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен (ХОБЛ) ауыратын адамдарға міндетті түрде екпе егеміз. Қант диабеті де вирус жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Үлкен кісілер де ерекше күтімді қажет етеді.

Аурудың алдын алу үшін сарымсақ же, лимонмен шай іш деп жатамыз. Бірақ бұл дәлелденбеген дүниелер. Ал, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану арқылы көптеген аурулардан сақтануға болатыны даусыз.

- Рахмет!

Ұлт порталы