17 мам, 2018 сағат 14:42

"Бізді сатып алуға биліктің ақшасы жетпейді"

Бүгін Алматыда «Жаңа Қазақстан» форумы ресми түрде өз жұмысын бастағанын жариялады. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатын өткізген «Жаңа Қазақстан» мүшелері мәлімдеді. Жаңа ұйымның мүшелері саясаткер Әміржан ҚОСАНОВ, саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мен Айдос САРЫМ журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Жаңа Қазақстан» —  қоғамдық бірлестік жетекшілері, саясаткерлер, құқық қорғаушылар, журналистер мен сарапшылардан құралған ынтымақтастық. Һәм интелектуалды қоғамдық алаң. Олар елдегі саяси, экономикалық, идеалогиялық, ақпараттық монополияға қарсы күреспек. Билік транзитінің таяп қалғандығын айтқан қоғам қайраткерлері екінші президенттің тағайындалмай сайлануына бұқара болып әсер етуіміз керек дейді.

- Дамудың екі жолы бар. Өркениетті және революциялық жол. Біз бірінші жолды таңдаймыз. Европа мен АҚШ-та саяси бәсеке болғандықтан мемлекет қуатты. Көшеге шақыратын радикалды ұрандарды көтермейміз. Ой жарыстырамыз. Барлық қоғамдық-саяси оқиғаларға сараптама жасап, баға береміз,- дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Бізді сатып алуға биліктің ақшасы жетпейді

Заң аясында жұмыс жасаймыз деген «Жаңа Қазақстан» форумы жуырда қоғамдық ұйым ретінде тіркелуге ықыласты екен. Егер бізді тіркемесе бұл биліктің өзіне сын дейді қоғам қайраткерлері. Қоғамда «Жаңа Қазақстан» қуғындағы саясаткер Мұхтар ӘБЛЯЗОВТЫҢ  ҚДТ-на (ДВК) балама ретінде Ақорданың ықпалымен құрылды деген сөз бар. Осыған орай Әміржан Қосанов жауап берді.

- Бізде бір ұйым құрылса оны шеттен я болмаса Ақордадан қаржыландырады деген әңгіме шығады. Біздің артымызда тұрған ешкім жоқ. Мұхтар Әблязовтың өз жолы бар. Қазақстанның болашағы жайлы өз көзқарасы бар. Кезінде М. Әблязов, Ғ. Жақияновтар қамалғанда оларды қолдау штабында болдым. Әлеуметтік желіде мен жайлы негізсіз әңгімелерді айтқасын оны мен де сынадым. 27 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Қоғам қазір ояу. Осында отырған азаматтардың барлығын тұрмыстары жаман емес. Мысалы Брюсельге өз қаражатымызға барып келдік. Бізді сатып алуға билік пен олигархтардың ақшасы жетпейді, — деді Әміржан Қосанов. 

Дереккөз: "Жас Алаш"