17 ақп, 2018 сағат 08:49

Біз осы қандай елміз?

Сөз қуған жан тек сөзге жолығады. Одан басқа оның тірелетін тұйығы жоқ. Бірақ мына жарық жалғаныңыз тек жарым ырысқа жақын жақсы сөздің құдіреті билік құрып тұрғанда ғана көріктірек болып көрінетінін қайтерсіз. Кейде соның қатарына көшенің өсек-аяңы да қосылып кетіп, қосақтасып жүретіні бар. Меңіреу тіршіліктің боямасыз сыйқын елестетіп көргіңіз келсе, адам баласын бір сәт осы сөзге сену қасиетінен бөліп алып көріңізші, не күйде болар екен. Ал қызыл тіл дегеніңіз «кейде от, кейде жел» ғой.

Кемерінен асқан кезде ой айтқан талантты адамның қоғамдастарының алдында сол үшін ғана жазықты болу қиянат, әрине. Ал біздің айтылған әрбір сөздің қыр ізіне түсіп алып, ақыр аяғында бір-бірімізге деген сый атаулыдан сидаланып қалатынымыз өкінішті. Мүмкін пікірталас мәдениеті төңірегіндегі біздің ұлт ретіндегі бір кемшін тұсымыз осы шығар. Ай, қайдам, жалғыз біз дейсің бе, дүние дидарындағы басқа ұлт пен ұлыстардың да мұндай мәселеден шетін емес екенін көріп жүрміз. Дегенмен, қазіргі біздегі ахуалдың ырымының да, жырымының да бөлектігі секем шақырады.

Жақында «Ұлт» тәуелсіз интернет-басылымынан: «Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты әдеби-өнер кеші болды» деген мақаланы оқып отырып ойыма болмысы бөлек қаламгердің көзінің тірісінде көрген, естіген құқайлары түсті. Содан соң: «Әулиедей Әбіш ағаның тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап едік. Аға құсадан қаза болған. Әй, ел емес екенбіз ғой» – деген сөзді ой елегінен қайта өткіздім. Иә, қолдан келгенше ұлттың маңдайына біткен ұлы перзенттерін көзінің тірісінде бағалап, сүрініп кеткен жерлері болса да күстаналамағанға ештеңе жетпейді екен ғой. Талант атаулының бәрін бірдей ақ қанатты періштедей көретін біздің осы бір қазақы әдетіміз-ай. Мына дүбірлі жиынға көлеңкесі түскен жерге күн күркірейтіндей ұлтымыздың кілең ығай мен сығайлары қатысыпты. Солардың ортасында біздің ерекше силайтын жазушы ағамыз Раxымжан Отарбаев та отыр екен. Топ түрінде түсірілген суреттен төбесін көріп қалдым да, ішім жылып сала берді.

Кейде осы біздің дүйім жұрттың не үшін дүрлігетіні белгісіз. Әлгі соңғы сөйлемінің құлаққа сәл ауырлау тиетіні болмаса, тым қисынсыз да қыжыл емес. Ақиқаттың тап сол сөздің іргесінде жатқанын былайғы жұрт та сезеді. Жалпы бүгінгі заман ағымының, соған сай қай салада болсын талап атаулының қарыштап ілгері кетіп бара жатқанына қарамастан біздің қазақтағы ұлттық әдебиет, ғылым, өнердің кегежегі кейіндеу тартып тұрғаны көзі ашық, көкірегі ояу кісілердің көбісіне аян емес пе (Осы салада тер төгіп келе жатқан тұлғаның өзін дабыра етуден гөрі жазған шығармасын бағалау мәселесі біздің мемлекетімізде күн тәртібіне әйтеуір бір қойылар деген үмітіміз де түбегейлі кесілген жоқ). Бірақ солардың бірінің де жаманат арқалап ешкімге, ешнәрсе айтқысы келмейтін тәрізді. Неге? Өйткені сіз бенен біздің «Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» деген былқылдақ бекініске көшіп алғанымыз қашан. Өйтпегенде ше, лыпып тұрған шалғыға қарсы тұрған көзсіз батырды кім көріпті. Біздің талантты қаламгерлер мен ғалымдардың бар «айыбы» (егер қоғамдағы қайсы бір жайттардың ақиқатын айтуды айып санасақ) былайғы жұрт айта алмағанды айтқан кездерінде қай нәрсенің де қабырғасын қайыстырып, табанын қарыстырып жіберетіндігі.

Кешегі кеңес одағы тұсында да мұндай мәселелер күн құрғатпай көтеріліп, бірін екіншісі іреп сойып жататындықтан орынды-орынсыз сермелген сын-пікірлер қылышының жүзі қызылдан құрғамайтын. Көтерген туының түсі қан қызыл, рәмізі орақ пен балға, бірімен беліңнен орып, екіншісімен төбеңнен тоқпақтап отыратын заман еді ғой. Солардың да арасынан іріктеулі ірілердің қатарында өмір-електің кімдерді алып қалғанын бүгінде көзі ашық қауым жақсы біледі. Сол дәуірде жасалған әдебиет үлгілерінің асылы мен жасығын салғастырып, ақиқатын аршуға енді ғана мүмкіншілік туып отыр. Олай болса, біз осы несіне бір-бірімізбен итаршы бола береді екенбіз. Күні ертең-ақ уақыт төреші бәрін өзінің орнына қоймай ма?

Мәселе, қазір кімге, қандай әдебиет пен ғылымның керектігінде болса керек. Рас, талғаммен де таласқан жөн, ұлттық болмысымыздың да аяқасты болмағаны абзал, сөйтіп жүріп өркениет өрісінен қалып қоюға тағы болмайды. Демек дәл қазір бізге «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» ерекше тәсіл және сол ізбен алып жүретін кәсіп иесі қажет. Біз өмір сүріп отырған қоғам көріністері аясында жасалып жатқан бүгінгі әдебиет пен ғылымның аужайы да ертең-ақ тарихтың еншісіне көшіп, оның да өзіндік сыбағалы бағасы берілетін уақыт алыс емес. Өмір болса сонда көре жатарсыздар бүгінгі күні әулиесінген талайлардың әуселесін. «Кімнің ақ, кімнің қара екені шешініп, моншаға түскенде белгілі болады» деген екен. Қазір ғой ұпайы түгелдердің монтаны молданың күйін кеше қалғандары...

Ал енді бар ғой, қазір біреу сұхбат бере қалса болды, сондағы оқыс ойлау нәтижесінен жалаң табанымызбен шоқ басып кеткендей шошынатынымыз таң қалдырады. Тіпті сол екіортада бәз біреулердің бұйығы түппиғылдары оянып, ойламаған шетін жағдайлар қылтанақ ата бастайды. Біздің қоғамда қай мәселеге байланысты болсын бірдеңе айтсаң, тіпті соған қатысы шамалы көлденең көкаттыларға да шаптүрткі болып тие беретіні қызық. Сосын өмірі бірікпеген бастар уақытша бірігіп алып жан-жақтан талайды дейсің. Сөйтіп жүргенде әлгі қосақ арасындағылар сұхбат иесінің жалпы әдебиет пен ғылымның аужайы мен болашағын айтып, соның барысы мен келісін көктей шолып отырғанын жайына қалдырып, жеке бастың мәселесін күйттеп ала жөнеледі. Мұндайда талақ атаулы табан астында тарс айрылғыш қой. Екіұшты гәп жүріп өткен жердің бәрі осы. Сөйтсек, бар мәселе бір-екі әтіберлі кісі аттарын айналып өтуде екен, сондайды ескерсеңіз болды, еш бәле жоқ. Әйтеуір сөз аңдып, арпалысып жүрген біреулер. Біздің ойымызша, қазақ және әлем классиктерінің шығармаларын қайта айналып келіп оқи беретін ұрпақ жалғастығы әзірге үзілген жоқ, жақын аралықта үзіле қоймас деп үміттенейік. Алайда ендігі жерде жалпақ жұрт жаппай кітап оқиды деген сәбилік сенімнен де арылуымыз керек шығар. Мүмкін бір кездері ондай кезеңнің қайта айлып келуі де ғажап емес. Бір заманда «халықтың құлағы һәм көзі болған» қазіргі газет-жорнал, радио-телевидение дегендеріңіздің өзі бүгінгі әлеуметтік желілердің зымырандай зырлаған жылдамдығына ілесе алмай келе жатқанда, біздің кейбір әрекеттеріміз де бос әурешілік сияқты. Сондықтан да біздің қазаққа заман көшіне ілесудің басқашалау жолын іздеу керек болып тұр.

Жалпы біз сөз иесі атаулының ізгі ойын түсінуден қалып бара жатқан сияқтымыз. «Құнанбай – мың Абайдың әкесі болса да, қылмыскер...». Кейінгі кезде оқып келе жатып тұншығып қала жаздаған сөйлемім осы болды. Сонда деймін-ау, егер Меккеден күллі мұсылман баласы тәуап ету үшін тәкия салдырған қажы Құнанбай «қылмыскер» болса, одан туған хәкім Абайдың, оны пір тұтатын күллі қазақтың кім болғаны?! (Әттең ер Тәкем – Таласбек Әсемқұлов тірі болғанда ғой дедік те қойдық) Міне, үш дүркін қатарынан көрші мемлекеттің мәртебелі Мемлекеттік сыйлығын иеленген қадірменді қазақ жазушысының жеке пікірі керек болса. Бұрынғының «Әр кәллада бір гәп» дегені осы шығар. Қазір қаламгерлер арасында баяғы сын-пікірлердің сыны түсіп қалып, біржақты жалаң пікірлердің осыншама алашұбарлануына қарамастан, бізге дейінгі аға буын қалыптастырған кемел әдебиет үлгілері бар екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Біздің буынның тумагерлігі де әлем әдебиетінің озық низамдарымен беттестіргенде ешкімнен нан сұрап тұрғанын көре алмадым. Жалпы өткенімізге де, бүгінімізге де дәлелсіз топырақ шаша беру – ерлік емес. Әдебиет пен ғылымның және осы процестердің озығы мен тозығын салғастыра зерттеп, артықшылығы мен кемшілігін көрсету үшін белгілі бір озық теорияларға сүйенбей сөз сөйлеудің өзі «ауыз менікі» дегеннен әрі аса қояр ма екен?

Кейде осы біздің қоғамда иілмей жүрген ғазиз басты иіп, бүгілмей жүрген тізелерді бүктіріп қоюдың түрлі әдіс-тәсілдері ойластырылып жататын сияқты болып көрінеді. Әрі берідесін ол да қас таланттардың қаса сорына әдейі жасалатын ежелгі айла-шарғылардың бірі ғой деймін. Құдай таланттан тапшы етіп жаратқан пенделер өте талантты туған адамдардың алдына келіп иіліп, «түгеншеке» деп бүгіліп тұрғанын көргісі келетін сияқты. Әлгі неме үшін ондай сәттердің қандай дәреже екенін білсеңіз ғой. Бұл үшін арнайы жұмыстар жүргізілуі мүмкін екендігі де терістелмейді. Көп пенде содан жер бетінде жоқ ләззат – аргазм алып, ерекше бір рахат күй кешетін секілді. Пікір иесі айтпақшы қаламгерлерін «құсадан өлтіру» де біздің ұлт үшін онша жат тәсіл емес көрінеді ғой. Және біздің қоғамда құсадан өлтірудің айла-тәсілдері өте көп: қаламгердің жазғандарын бағалама, кітаптарын шығарма, мерейлі жасы мен белгілі белестерін елемей таста, жұмыс пен қызметтен шетқайпай жаса, өте талантты дегендердің сорына түкке алғысыз талантсыз біреулерді өсір, 800-ден аса қаламгерге жыл аралатып жалғыз ғана Мемлекеттік сыйлық тағайында (сонда көресіз олар бір-біріне не тілейтінін), ерекше талантты жандарды дер кезінде атаққа ұсынба, пәтерден қысым көрсет, әр сөзі мен іс-әрекетіне қарауыл қойып, «өйткен, бүйтке» деп қыр ізінен қалма... Бұдан кейін ешкімді өлтірмей-ақ қойса да болады, сөз иесі құсадан өзі де өлімші болып тынады (бұл қатар руханият әлемінің қай саласына да қатысты).

Ал "Раxымжанның күлігін бір сүріндірдік-ау» деп, күні бүгінге дейін БАҚ құралдарының бетінде пікір білдірген ақылды қазақтардан сөз суыртпақтатып отырып, араздық отына әлсін-әлсін май құйып, гүж-гүждеп отыруды әдетке айналдырып алған, біздің кейбір сөз қуған бауырларымыз қатты қателесіп жүр. Мұндай саналы-бейсаналы әрекеттерін олардың өздері мойындамай-ақ қойсын, бірақ сөз түсінетін адамға мәтін деген жарықтықтың кейбір қалтарыс-бұлтарыстары жалған айтып, жалтаруды білмейді ғой. Қашан да классикалық әдебиет пен ғылымды, оның озық низамдарын жасаушы тобыр емес, тұлғалар! Бұл қай кезде де осылай болған және солай бола да бермек. Біздің арамызда оны білетін сауаттыларымыз жетіп артылады. Ендеше солар неге жұмған ауыздарын бір ашпайды екен деп те ойлайсың, кейде. Әлде біз үшін ұлт әдебиеті мен ғылымы жай-күйінің қажеті шамалы болып бара жатқаны ма? Мүмкін осыған дейін айтқан адамдардың көріп келе жатқан құқайлары жүректі шайып, көздің отын алып, кеуденің жалынын біржола өшіріп тастады ма екен?

Иә, бір кездері өзінің шексіз билігіне басын идіріп, қол қусыртып қызмет еткізген кеңестік идеологияның шаңырағы опырылып ортасына түскендіктен басындағы дәуір-дәурені өткен, сөйтіп бағы тайған кере қарыс романдар мен керексіз зерттеулер бізде қазір де жетіп артылады. Оны ешкімнен жасыра алмаймыз және әр кезеңнің өзі әшкерелеп отыратын шындықты бүркемелеп те қажеті жоқ. Бұл да заманындағы қызыл империя қайраткерлерінің жер-жердегі ескерткіш-бюстерінен кейінгілерге сабақ боларлық аллея жасап қоюдың орнына, бір кездері жаппай қирата бастағанымыз сияқты құбылыс қой. Қызыл шүберек көрсе болды көзіне қан тола бастайтын мексика бұқасындай әлгі түстен советтік синдромы ұстап, бойы жиырылып қалатын кісілер үшін біздің бұл ойымыздың өзі дұрыс емес екенін түсінеміз, әрине. Мына жұмыр жер бетінде қай нәрсені болсын көзсіз қиратудан оңай жол болмаған. Кейде қаламгер-қайраткерлеріміз оқыс ойы үшін түсіндірме берсе әне, «кешірім сұраттық» дейтініміз не әдет екен. Сонда біздің ұлт ретіндегі бар мақсат-мұратымыз танымал перзенттеріне (мейлі ол қай салада болсын) кешірім сұрату ма, әлде солардың мұқағанына масаттану ма? Сөйтіп отырып «бізде қазір тұлға жоқ» дегіміз келетінін қайтерсіз. Сонда бұл өзі қандай пиғыл? Жоқ ағайын, жазылған жайдың қай-қайсына болсын кешірім сұралуы қиын. Оны шын қаламгерлеріміз бен қайраткерлеріміздің ізгі ойын түсіне алмай жүрген өзімізден көрмесек, басқа кімнен көруіміз керек? Ал жазылған жайттың бәрі бірдей түсінікті болсын деп талап қою мүлде қиянат!

Осындай алашабыр жағдайларды өз оңтайымызға пайдалана кетіп, кейбір талантты тұлғаларымызды көптігімен жасқап, ауызбірлігімен қорқытып, қолдан келсе ішіндегі мүйізі сала құлаштар мен сақалы сере қарыстарға бір сүзгізіп, тереңдермен бірігіп біржола батыртып жіберуге де теріс емес екеніміз ол өз алдына. Бірақ дала дәстүрімен тұтасып кеткен, жалғыз Жаратушыдан басқаның бәрінен қорқып болған, Құдай көкірегіне қисапсыз білім нәрі мен тіл бояуының сан түрін қотарып құя салған Раxымжан сияқты ұлы қазақтар ондай дөңайбаттан сескене қояр ма екен. Аяқ жетер жерді шарпып тұрған сөзден тұтанған өрт атаулының жалыны сіз бенен біз тыныстап жүрген ауаны толық қауып болған мына дүрдараз кезеңде, Ай мен Күннің аманында шаршы алаңда Раxаңның кітабы өртеніп жатты. Бұл да болса үлгісіз жұрттан көзсіз көшіре салған «үлгіміз» еді. От-ананың киесі мен кепиетінен сескенген ескі қазақ бірінші болып от қоюдан, сәл нәрседен өрт шығарудан қорқатын. Қазір от түгілі Құдайдан да қорықпайтын болып күшейіп алдық. Сонда өртеніп жатқан кімнің шығармасы өзі, оны өртеп жүрген кімдер? Осындай әрекетпен өш пен кектің бітуін былай қойғанда, әдебиет пен ғылымның өзекті мәселесі шешіле ма? Әлде өздерін дәстүршілміз деп есеп қылатын біздің кейбір бауырларымыз байырғы дұшпандық жолда бір-бірінің «етін жеп, қанын ішу» деген мәжусилік жоралғылардың болғанын ұмытқаны ма? Олай болса мұны да бүгінгі демократтардың тағы бір «ерекшелігі» деп қабылдай салайық. Кітап пен ғылымның орны толар, мүмкін толмас, елміз ғой, оны да болашағымыздан көре жатармыз. Тек арамыздағы сондай өртқұмарлардың өзінің көрер күнін күлге айналдыра көрмесін деп тілейік. Жаратушы жалғыз мына ат төбеліндей қазақты бірлік идеясының төңірегіне біріктіруге жазсын. Кезінде өртке оранған талай туындының әуелі мына байтаққа, сосын көз-құрты тойып болған соң ертең-ақ қарманып ұлттық негізін іздей бастайтын болашақ ұрпаққа, ал қасқа туған болмысы бөлек туындыгерлер бізге, яки қазаққа ғана керек екенін білеміз бе?

...Біз деген сондай елміз ғой!

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы