21 нау, 2020 сағат 05:23

Біз біртұтас халықпыз - Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Біз осы жарқын мейрамды әрдайым асыға күтеміз.

Бұл – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезең.

Биыл біз Наурызды бірінші рет мерекелік жиындар мен салтанатты іс-шараларсыз атап өтіп жатырмыз.

Оның өзіндік себебі бар.

Бүкіл дүниеге тараған вирус қаупіне тап болдық.

Бірақ көктемнің келуі мен мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды.

Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев еліміз алдында тұрған барлық сынақтардан ауызбірлік пен табандылықтың арқасында сүрінбей өтетінімізге сенімділік білдірді. 

«Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін.

Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын.

Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», - делінген құттықтауда.