20 мау, 2018 сағат 09:15

Біз Астананы тұрғызарда бюджетке салмақ түсірмеуге тырыстық - ҚР Президенті

Елорданың іргесі алғашқы жылдары қалай қаланғаны туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа астананың іргесін қалауда қаржыландыру көзін табу - ең күрделі шаруалардың бірі болды. Ақша болса - іс те алға жүреді. Бүкіл абыройды салуға тура келді. Ақмола еркін экономикалық аумағын құру арқылы белгілі бір соманы жинап алдық. Кеңес одағынан қалған материалдық резервтерді де іске қостық. Бұл қор әлбетте аз емес еді - олар металл мен темір құймасынан, құрылыс материалдарынан тұратын. Оның ішінен Қазақстанға қажетті бөлігін ғана қалдырып, қалғанын сатып жіберіп, одан түскен 20 миллион долларды елорда қорына аудардық. Жалпы, біз Астананы тұрғызарда бюджетке салмақ түсірмеуге тырыстық. Әрбір теңге есепке алынып, артық шығынның болмауын қадағаладық», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз сөзінде құрылысты қаржыландырудың басты көзі - инвестициялар болғанын айтады.

«Біз шетелдік инвесторлардан 10 жыл мерзімге пайызсыз несие алуға қол жеткіздік. Сонымен қатар, көптеген нысандар гранттар мен өтемақысыз инвестицияларға салынған», - дейді Қазақстан Президенті.

Осылайша, Ақорда құны 22 миллион долларлық Әбу-Даби даму қорының гранты есебінен бой көтерген. «Нұр Астана» мешіті - Катар мемлекетінің 15 миллион долларлық грант есебінінен тұрғызылса, құны 33 миллион долларлық «Астана-Тауэр» орталығын Түркия қаржыландырған. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимараты Кувейт грантының есебінен салынса, ал Салтанат сарайын Оман әмірі сыйға тартқан. «Алатау» спорт кешені мұнай саласындағы инвесторлардың тартуы. Мұндай ғимараттар әлбетте аз емес. Біріккен Араб Әмірліктерінен, Сауд Арабиясынан, Италия, Жапония мен өзге де елдерден гранттардың ағыны келіп жатты. Ғимараттардың көбін шетелдіктер Қазақстан халқына, Президентке сый ретінде табыс еткен.

«Біздің азаматтар да айтарлықтай үлгі көрсетті. Осы жерге келгеннен кейін мен ақмолалық кәсіпкерлерді жинап алып, олардан қалаға сыйлық жасауды сұрадым. Асқар Мәминге осыған дейін сатылып алынған «Мәскеу» қонақ үйін мемлекетке қайтару туралы ұсыныс жасадым. Кейін біз осы ғимаратқа Сыртқы істер министрлігін кіргіздік. Ондаған иегерлер өздерінің коттедждерін тапсырып, ол жерлерге интеллигенция өкілдері мен шенеуніктерді орналастырдық. Басқа амал жоқ та еді. Қалада зәулім деген ғимараттардың саны санаулы болатын. Ойын-сауық бағытындағы нысандар мүлде жоқ болатын», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.