13 ақп, 2020 сағат 10:42

Биылғы халық санағында қағаз қолданылмайды - Нұрболат Айдапкелов

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов биыл болатын Ұлттық халық санағының ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бірінші ерекшелік - қағазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Екінші ерекшелік - интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра алады. Бұл - өте ыңғайлы нәрсе», - дейді Нұрболат Айдапкелов.

Ол қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізілетінін айтты.

«Сонымен бірге сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар. Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда, халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі», - дейді ол.