05 ақп, 2020 сағат 12:22

Биылдан бастап тегін медициналық қызметтердің саны артты – дәрігер

Мемлекеттік сақтандыру аясында балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Бұл туралы бастапқы деңгейде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары бойынша баспасөз турында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«№2 қалалық емханада 18 жасқа дейінгі 18 мың бала тіркелген. Оның ішінде 15 жасқа дейінгі 16 617 бала, бір жасқа дейінгі 821 бала бар», - дейді №2 қалалық емханадағы педиатрия бөлімінің меңгерушісі Алтынгүл Қолқанатқызы.

Бұл жерде балаларға вакцина егу, профилактикалық тексеріс, дәрі-дәрмек, талдау жұмыстарының бәрі МӘМС аясында тегін көрсетіледі.

«1 қаңтардан бастап бұл қызмет түрлерінің қатары ұлғайып жатыр, яғни бұдан былай біздің емхана МӘМС аясында гормондарды талдау, компьютерлік және магнитті-резонанстық томография, оңалту жұмыстарын өзі жүргізе алады», - дейді ол.

Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда, биыл аталған емханадағы оңалту орталығынан 34 бала ем алып шыққан.

«Бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткішке қарағанда үш есе көп. Бұрын сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы бар, аутист балалары бар ата-аналар арнайы оңайту орталықтарына баратын болса, қазіргі уақытта МӘМС аясында осы жерде оңалту жұмыстарынан өте алады. Сондай-ақ, бізде педиатрия саласының мамандары МӘМС арқылы тегін оқып шықты. Ақпараттандыру саласы бойынша біздің медбикелер, дәрігерлер күнделікті өздерінің тіркелген аумағындағы ата-аналармен ақпараттандыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Олардың 90%-ы толық ақпараттандырылған деп айта аламыз», - дейді Педиатрия бөлімінің меңгерушісі.

Емхананың бас дәрігері аталған қызмет түрлерін тегін алу үшін ата-ана не істеуі керек екенін айтты.

«Әртүрлі дерттеріне байланысты диспансерлік есепке тұратын балалар бар. Осындай оңалту орталығына бару үшін бала мен анасы учаскелік педиатрдың жолдамасын алады. Одан кейін бала қай топқа баратыны, жылына неше рет келетіні анықталады. Сосын мультидисциплинарлық топ құрылады. Оның құрамына реабилитолог, невропатолог, психолог пен логопед кіреді. Олар балаға оңалту жұмыстарын жүргізу үшін не керек екенін, яғни оңалту жұмыстарына қатысты жеке жоспар жасайды. Келесі қадам - мультидисциплинарлық топтың шешім қабылдауы. Шешім қабылданғаннан кейін науқас баланың ерекшелігіне, қандай көмек қажет екендігіне қарай ем түрі басталады. Бір курс 1,5-2 айға созылады. Егер курсты қайталап өту қажет болса бала екінші жартыжылдықта келеді», - дейді №2 қалалық емхананың бас дәрігері Ләззат Руспекова.