23 қаң, 2018 сағат 09:17

Биыл тұрмысы төмен отбасыларға жалға берілетін пәтерлер саны белгілі болды

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр атап өткендей, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 18% жоғары. Жеке инвестициялардың үлесі 825,8 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 84,3%-ын құрады, мемлекеттік инвестициялар үлесі — 154 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 15,7%-ын құрады.

«11,2 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы деңгейден 6,2% жоғары. «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспарына тұрғын үйді жалпы енгізу 111%-ға орындалды. Жалпы 100,8 мың тұрғын үй салынды, оның ішінде 75,8 мың үй немесе жалпы көлемнің 75% жеке сектор есебінен, 25 мың пәтер (жалпы көлемнің 25%) мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғызылды», — деді Жеңіс Қасымбек.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Астана қаласы (2,4 млн м2) және Алматы қаласы (1,9 млн м2), Маңғыстау (833 мың м2) және Ақтөбе (792,3 мың м2) облыстары жетекші орын алады. Батыс Қазақстан (42,4%), Оңтүстік Қазақстан (36,2%), Қостанай (35,9%) және Павлодар (31,2%) облыстарында тұрғын үй құрылысы көлемінің айтарлықтай өсім қарқыны байқалады.

Өңірлерге тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінді, оның 99,5% немесе 76,9 млрд теңгесі игерілді.

«Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салу» бағыты бойынша республикалық бюджеттен жыл сайын өңірлер арасында біркелкі таратылатын 25 млрд теңге бөлінеді. Осы бағытта 2017 жылы өңірлерде сатып алу құқығынсыз (288,7 мың м2) арендалық тұрғын үйдің 5 391 пәтері салынып бастады, оның ішінде 2 620 пәтер пайдалануға берілді. Биыл Бағдарламаның осы бағыты бойынша 184,5 мың м2 (3 507 пәтер) салу жоспарланып отыр.

«Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты бойынша 70 мыңнан астам жер теліміне инженерлік коммуникациялар жеткізілді. Олардың 54 мыңы бұған дейін берілген, ал 16 мыңы — жаңа. Пилоттық жоба аясында алты өңірде 2017 – 2018 жылдары аяқталуы тиіс 1 975 үйдің құрылысы басталған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 164 үй пайдалануға берілді, олардың ішінде Ақтөбе облысында – 124, Қостанай облысында – 40 үй. Қалған үйлер осы жылы пайдалануға беріледі.

Бағдарламаның «Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі үшін несиелік тұрғын үй салу» үшінші бағыты бойынша ЖАО кредиттік тұрғын үйдің 9 010 пәтерін пайдалануға берген.

«Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру» бағыты бойынша екінші деңгейдегі банктер беретін несиелер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінің «Даму» КДҚ» АҚ 7% субсидиялайды. Бағдарламаның бұл бағыты 2017 жылдың ІІ тоқсаннан бастап іске асырылып жатыр. Құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау көрсеткіштері толық көлемде орындалды.

«Халыққа арналған ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру» бағыты бойынша іске асырудың басынан бері қарыз алушылардан 14,2 млрд теңгеге субсидияланған қарыз алуға 1 388 өтініш қабылданды, соның ішінде 1 317 өтініш мақұлданды.

«Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 2030 жылы бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 м2 дейін жеткізу қажет. Ол үшін құрылыс көлемінің жыл сайын 8-10% деңгейде өсуін қамтамасыз ету керек. Бұл 2030 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру деңгейін 30 млн м2 дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Ж. Қасымбек.

Мәселені талқылау барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин, «Бәйтерек» ҰБХ төрағасы А. Әріпханов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев сөз сөйледі.