07 жел, 2017 сағат 16:19

Биыл Шымкентте 982 пәтер пайдалануға беріледі

Жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы 982 отбасы қоныс тойын атап өтеді. Пәтер кезегін күткендер үшін Төлеметов көшесіндегі көп қабатты үй салынып бітті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Жуырда сол құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімдігінің жауапты мамандары салынып жатқан үйлердің сапасын көпшілікке көрсетіп, пәтерлер кімдерге берілетінін түсіндірді. Нұрсәт шағынауданында орналасқан 9-қабатты тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, өз иелерін күтіп тұр.

Алпысқа жуық пәтердің кілті «Тұрғын үй құырлыс жинақ банкісінде» салымы бар азаматтарға беріледі. Жалпы жыл соңына дейін осы аумақтан 56 және 74 пәтерлі 27 көпқабатты үй қолданысқа берілмек.

Ал шаһарда жыл басынан бері аумағы 302 мың шаршы метр болатын 76 үй салынды. Осылайша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз салымшыларына көрсетілетін қызмет ауқымын кеңейтіп, ел игілігіне берілетін пәтер санын көбейтпек.

Бұдан бөлек 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс орталығында 2478 пәтерлі үй салу жоспары бар. Банк салымшылары үшін пәтердің әр шаршы метрі 140 мың теңгені құрамақ. Ол ыңғайлылығы жағынан үшінші класқа жатқызылған.

Стастистика бойынша бүгінгі таңда үй салып, оны өткізу 6 есеге өссе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 10 есе жоғары болады деген болжам бар. Бұл екінші класты жайлылықты қоспағандағы көрсеткіш. Ол «Өз үйім» атты бағдарлама бойынша пәтердің әр шаршы метрінің құны 180 мың тенгені құрайды. Ал жеке үй салушыларының есебінен іске асатын бағдарлама бойынша салынатын пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 220 мың теңгеге жетеді.

Қалай десек те, баға мен жайлылықты таңдау - салымшылардың өз еркінде. Келер жылы Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасымен «Бозарық», «Бозарық 2» деген атаумен жаңа екі мөлтекаудан бой көтеруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, қазір бұл пилоттық жоба ретінде қарастырылуда. Онда архитектуралық сипаты біркелкі үйлер, яғни екіқабатты таунхаустар салынады. Ал Шымкент Сити қалашығында 31 көпқабатты нысан бой көтеруде. Мұнда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толығымен жүргізілген.