20 ақп, 2020 сағат 15:40

Биыл пара алған 16 полиция қызметкері ұсталды - ІІМ

Биыл пара алған 16 полиция қызметкері ұсталды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Саданов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың басынан бері 16 полиция қызметкері пара алғаны үшін ұсталды. Ұсталғандардың арасында жол-патрульдік полициясының қызметшілері, тергеушілер, сондай-ақ ҚАЖ комитеті құрамындағы мекемелердің өкілдер бар. Статистикалық ақпаратқа қарағанда, әр өңірде бір адамнан анықталды. Биыл Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында осындай оқиғалар тіркелмеді. Алған параның ең жоғары сомасы 100 мың теңгені құрады. Ал кеше Петропавлда екі млн теңге сомасында полицейдің пара алу күдігіне іліккені белгілі болды», - деді департамент басшысы.

Сонымен қатар ол көлікке мас күйінде отырған полицейлер туралы айтып берді.

«Осы жылы мас күйінде көлікті басқарған 18 қызметші анықталды. Олардың, әрқайсысы 7 жылға өзінің куәлігінен айырылады, 15 тәулікке қамалады, сондай-ақ міндетті түрде қызметінен босатылады», - деді А. Саданов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, СҚО-да тергеуші 2 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.