27 сәу, 2017 сағат 08:58

Биыл Қазақстанда мембағдарлама есебінен 127 мың жұмыс орны ашылады

Бүгін Мұхтар Құл-Мұхаммед нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасын партиялық тыңдаудың күн тәртібіне шығарды. 

Бұл іс-шараға Мәжіліс төрағасының орынбасары – «Нұр Отанның» депутаттық фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, парламент мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік орталық органдардың, облыс әкімшіліктерінің, университеттердің, колледждердің, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, биылғы жылы 634 мың қазақстандық жұмысқа орналасатын болады. Олардың ішіндегі 124 мыңы – мемлекеттік бағдарламаның арқасында құрылатын жаңа жұмыс орындары. Мысалы, «Нұрлы жол» - 34 мың,  Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – 19 мың, Агробизнес – 8 мың, өңірлерді дамыту бағдарламасы – 53 мың, Бизнестің жол картасы 2020 – 13 мың жұмыс орнын тауып береді.

Тыңдауды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының еліміздің ілгері дамуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатқанын атап өтті.  

«Шет елден және бюджеттен сан миллиардтаған қаржылар тартылып, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, инновациялық технологиялар енгізілуде. Дәл осындай уақытта бізде 445 мың жұмыссыз тіркелген. «Нұр Отан» партиясы мен үкімет бұл проблеманы шешуі тиіс», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.