02 там, 2017 сағат 12:09

Биыл Қазақстанда құрылыс нормалары мен ережелері жойылады

Жыл соңына дейін Қазақстанда 190-ға жуық құрылыс нормалары мен ережелері жойылады. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еурокодтар үшін жаңа нормативтік база енгізілді, яғни бұл 49- қадамға (Ұлт жоспары) қатысты. 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай көшу ісе асырылады. Сондай-ақ  жылдың аяғына дейін құрылыс мәселелері бойынша тиісті құрылыс нормалары мен ережелері жойылады, бұл ретте оның 189-ы ескеріліп отыр. Оның орнына қазіргі заманғы талаптарға сай жаңа нормалар мен ережелер енгізіледі», - деді Айдарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 49-қадамда кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу ескерілген. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді.