07 там, 2018 сағат 09:02

Биыл қай сыныптар жаңартылған мазмұндағы білім беруге көшеді?

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жарты жылдығында іске асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

2018 жылға 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 148 іс-шараны орындау көзделген. ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің айтуынша, барлық индикаторлар мен көрсеткіштер орындалып жатыр.

Қазіргі кезде 3–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 93%-ды құрайды. Осы жылдан бастап 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылды. Жыл соңына дейін барлық облыстар аталған жүйеге көшеді.

Электронды үкімет пен «Е-әкімдіктің» интеграциясы арқылы жолдама беру процесі автоматтанды.

Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5, 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар негізінде білім алып жатыр.

Қыркүйектен бастап 3, 6, 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді.

«Осы жылдың соңына дейін балалардың 75%-ы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқиды, екі жылда шамамен 150 мың мұғалім жаңартылған бағдарламалар бойынша курстардан өтті», — деді Е. Сағадиев.  

Биыл тағы 73 мың педагог оқып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 60 мыңға жуық педагог қатысты, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті (63%).

Министрдің айтуынша, жан басына қаржыландыру нормативі бекітілді. Ол Астана қаласында толығымен 74 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектепте биыл 1 қыркүйектен басталады. Сонымен қатар, аталған жұмыс Шымкент қаласында да басталды.

Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, республикалық бюджет есебінен жыл сайын 110-нан 170-ке дейін мектеп салынады.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында, Елбасының тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылды және барлық мамандықтар бойынша 245 модульдік бағдарламалар әзірленді. Колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша 50%-ға дейін және қосарлы білім беру кезінде 80%-ға дейін өзгертуге мүмкіндік берілді.

Халықаралық талаптарға, соның ішінде WorldSkills стандарттарына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Қазіргі таңда 170-тен астам жаңартылған бағдарламалар дайын, жыл соңына дейін тағы 70 бағдарлама дайын болады.

Білім беру ведомствосы басшысының айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу  бойынша жол картасының жобасы әзірленді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жұмыс бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, білім, ғылым және инновацияны интеграциялауға бағытталған. Мемлекеттік ЖОО-лардың ректорларын тағайындау кезінде ашықтық пен басты талаптар сақталуда. Ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайындалды. Әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісіне 2018 жылы 10 қазақстандық ЖОО енді.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мың орынға артты. 2022 жылға дейін студенттер жатақханаларында 75 мың орын әзірлеу жоспарланған. Бүгінде әкімдіктер 140 жер телімінің бар екенін растады.

«2018–2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары ғылымды дамытатын жеті басымдық аясында орындалуда. ҒЗТКЖ-ды қаржыландырудың жалпы көлемінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар үлесі 25%-ға жуық құрады, жоспар бойынша 22% болған. 2018–2020 жылдары гранттық қаржыландыру бойынша 1 мыңнан астам ғылыми жоба және ғылымды нысаналы қаржыландыру бойынша 92 бағдарламаның орындалуы басталды», — деп түйіндеді Е. Сағадиев.

Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселесін қарау барысында Алматы облысының әкімі А. Баталов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов баяндама жасады.