19 нау, 2019 сағат 09:34

Биыл баспанаға мұқтаж 27 мың отбасы қоныс тойын тойлайды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын және «7–20–25» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

ҚР ИИДМ деректері бойынша, 2018 жылы тұрғын үй құрылысына барлық қаржы көздерінен 1,2 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 8,1%-ға жоғары. Мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 6 теңгесі тартылды.

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына арендалық және несиелік тұрғын үй салу қарқыны туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр баяндады.

«12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,1%-ға жоғары. Барлығы 113,7 мың көп пәтерлі және жеке үйлер салынды. Тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту үлесі 9%-ға артты», — деді Р. Скляр.

Биыл 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мың пәтер салу жоспарланған.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 27 мыңнан астам баспанаға мұқтаж адамдарды қамтамасыз етеді.

2019 жылдың басынан бері (қаңтар–ақпан айлары) барлық қаржы көздері есебінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілді (коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда).

Жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді салу үшін биыл 81,7 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, ол сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салу туралы ақпарат берді.

«Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда. Мемлекет Басшысының "Нұр Отан" партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті нақтылау аясында көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі», — деді Р. Скляр.

Бұл үшін бүгінде 25 млрд теңгенің құрылыс жобалар тізімі жасалған. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді.

2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд. теңге қарастырылды. 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр.

Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл әкімдіктер 11 719 пәтердің құрылысына 108,8 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасыларға 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10% болатын жылдық ставкасы 2% жеңілдетілген кредиттеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Алғашқы жарнаға тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүмкіндік бар.

Аталған механизмді 3 жыл  ішінде іске асыру үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден 150 млрд теңге қажет болады.

«Егер "7-20-25" бағдарламасы көбіне төлем қабілеті бар халықты қамтитын болса, бұл орайда әлеуметтік сала мен бюджеттік ұйым жұмысшылары үшін Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің өнімі басымдырақ. Салымшылар саны 1,3 миллионға жетті, жинақ көлемі 624 млрд теңгені құрады», — деп түйіндеді Р. Скляр.

Мәселені қарау барысында «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қ. Алтынбеков сөз сөйледі, ол «7-20-25» бағдарламасы бойынша 120 млрд теңге сомасына 10,5 өтінім берілгенін, оның ішінде банктер 72 млрд теңге сомасына 6,2 мың өтінімді мақұлдағанын айтты. Ол сонымен қатар бағдарлама шарттарының өзгергенін жеткізді, бұл халықты қамтуды арттыруға, оның ішінде табысы төмен отбасыларды да қамтуға мүмкіндік береді.

Өңірлерде тұрғын үй құрылысын дамыту туралы Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов және Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов баяндады.

Өз кезегінде, Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қажетті қаражат бюджетте толық қарастырылғанын айтты. Бір ай ішінде алғашқы пәтерлер беріле бастайды. Осыған орай, Ж. Қасымбек жергілікті атқарушы органдарды аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.