26 шіл, 2017 сағат 09:19

Биыл барлығына қолайлы латын әлiпбиін қабылдау керек – Сағадиев

Биылғы жылы қазақ тiлiнiң бiрыңғай латын әлiпбиін қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев Үкiмет үйiнде өткен баспасөз мәжiлiсiнде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Латын әлiпбиiне көшу - өте маңызды жоба. Бұл мәселеде абай болып, қателеспеген жөн. Биыл ең бастысы, барлығына қолайлы әлiпби қабылдау керек. Бiрнеше нұсқа әзiрлеп, оларды талқылап, бiр әлiпби қабылдау қажет. Одан кейiн латын әлiпбиiне көшу бойынша жұмыс жоспарын құру маңызды. Арнайы комиссия құрылған, қазiр ол жұмыс iстеп жатыр», - дедi Сағадиев.

Естерiңiзге сала кетсек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тiлiнiң латын әлiпбиiне көшу процесi туралы айтылып, жыл соңына дейiн әлiппе жобасын әзiрлеудi тапсырған болатын.