15 нау, 2018 сағат 08:07

Бишімбаев ісі: Аслан Жақыпов та бас бостандығынан айырылды

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев пен іс фигуранттарына үкім шықты. Сот үкімімен бас бостандығынан айырылғандар арасында депутаттың ұлы Аслан Жақыпов та бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Үкімді оқыған судья Әділхан Шайхисламов мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлын пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. 

Аслан Жақыпов максималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен екі жыл және алты айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жетекшілік ету құқығынан айырылды. 

Аслан Жақыпов қамауға алынғанға дейін "Бәйтерек Девелопмент" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 

Айта кетсек, бүгін Астанада сот үкімімен бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен осы істің басқа да фигуранттарына үкім шықты. Сот үкімімен Бишімбаев айыпты деп танылып, мүлкі тәркіленуімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жетекшілік ету құқығынан өмір бойына айырылды. Бишімбаев жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді. 

Ал Бишімбаевтың немере бауыры Сұлтан Нұрлыбек 7 жылға сотталды.