01 сәу, 2020 сағат 15:13

Бірыңғай жиынтық төлемге аударым жасамағандар 42,5 мың теңгені қалай алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Бірыңғай жиынтық төлемге аударым жасамаған азаматтар 42,5 мың теңгені қалай алатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«42,5 мың теңгелік әлеуметтік төлемді алуда мынадай көпшілікке өтінішіміз бар: Біріншіден мәліметіңізді дұрыс толтыру керек. Өзіңіздің есепшотыңызды дұрыс көрсетіп, ЖСН нөмірін дұрыс белгілеу керек. Екіншіден соңғы екі айда болсын сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік төлем болуы тиіс. Себебі бұл төлем бір кассадан төленіп жатқан жоқ. Мемлекеттік сақтандыру қорынан аударылып жатыр. Бірақ осындай әлеуметтік төлемдері мүлде жоқ азаматтар да бар. Яғни бейресми жұмыс істеп жүргендердің еңбек шарттары жоқ, олар салық төлемеген. Сондықтан бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтарға Президент рәсімделу ғана жеткілікті екенін айтты. Рәсімделу деген не? Ол үшін Бірыңғай жиынтық төлемді бір мезгіл төлесеңіз жеткілікті. Ол сома қала тұрғындары үшін 2651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1325 теңге. Осыны бір төлесеңіздер 42500 теңгені ай сайын алатын боласыздар», - деді Біржан Нұрымбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша сол төлемді қалай жасауға болатынын да түсіндірді.

«Халық банк, Форте банк, Жусан банк, Сбербанк, БЦК, Каспи банктерде мобильді қосымшалар бар. Сол арқылы Бірыңғай жиынтық төлемді аударуға болады. Болмаса СМС арқылы: телефоннан СМС-ті 5505 нөміріне хабарлама жазып, қала тұрғыны болсаңыз латын әріптерімен «gorod ESP» деп ЖСН белгілейсіз, ауыл тұрғыны болсаңыз «selo ESP» деп ЖСН белгілейсіз. Осыны жібергеннен кейін төлемдеріңіз есепке түседі. Осыдан кейін 42 500 теңгені алуға мүмкіндігіңіз бар», - деді ол.