18 ақп, 2020 сағат 08:20

Біртанов круиздік лайнердегі қазақстандықтардың жағдайы туралы баяндады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус шығуына байланысты Жапония жағалауында оқшауланған круиздік лайнердегі қазақстандықтардың жай-күйіне қатысты деректерімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жапонияның Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланысымыз бар. Олардың деректеріне сәйкес, дәл қазіргі уақытта олардың да вирус жұқтырғаны (коронавирусты) туралы ақпарат жоқ. Мұнан бөлек, азаматтарымызбен де тікелей байланыстамыз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Оның атап өтуінше, круиздік кемедегі қазақстандықтардың денсаулық жағдайлары жақсы.

«Қазіргі уақытта біз Сыртқы істер министрлігімен бірге еліміздің азаматтарын Қазақстанға жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетерлігі, кеме 5 ақпаннан бері карантинде тұр. Карантин 19 ақпанда аяқталуы тиіс. Ол аяқталған соң, азаматтарымызда коронавирус белгілері болмаса кемеден шығарылады.

Жапония лайнерден босатылған жолаушыларды жерге түскеннен кейін тағы бір мәрте тексеруді жоспарлап отыр.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, кеме бортында қазақстандық екі әйел мен 8 және 12 жасар екі бала бар. Олардың жағдайы жақсы, шағымдары жоқ. Жолаушылар тамақпен және медициналық қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген.