20 нау, 2019 сағат 17:47

Бірнеше қалада көшелерге Назарбаевтың аты берілді

20 наурызда Шымкенттегі Астана даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді. Бұл шешімді Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары қабылдады.

Сондай-ақ Өскемен мен Павлодар, Талдықорғандағы Тәуелсіздік даңғылдарына, Оралдағы Достық даңғылына, Көкшетаудағы Горький даңғылына, Шымкенттегі Астана көшесіне, Петропавл мен Қарағандыдағы Мир көшелеріне Назарбаевтың аты берілді. Көше атауларын өзгерту туралы шешімді қалалық мәслихаттар қабылдады.

Айта кетейік, 20 наурызда Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деді. Осы күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған.

2017 жылы Алматыдағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы деп өзгертілген еді.