25 сәу, 2019 сағат 12:04

Бірлескен жоба білім көкжиегін кеңейтеді

Ислам және Орталық Азия – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және АҚШ, Массачусетс университеті аралығындағы бірлескен жоба Массачусетс университеті (University of Massachusetts) профессоры Дилшод Ачиловпен (Dilshod Achilov) әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісімен, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызымен кездесу өтті.

Профессор Ачилов аталған кафедрада «6D020600-Дінтану» мамандығы PhD докторанттарының шетелдік ғылыми кеңесшісі болып табылады. Оның зерттеу саласы салыстырмалы және халықаралық саясат, зерттеу әдістері, демократизация, азаматтық қоғам, саяси ислам және т.б. қамтиды. Америка-араб қатынастары бойынша Ұлттық Кеңес мүшесі болып, Гарвард университетіндегі Евразиялық зерттеулер орталығында визит профессор қызметін атқарған. Оның зерттеулері әлемнің жетекші басылымдарында жарық көрген, соның ішінде: Social Science Quarterly, Democratization, International Political Science Review, Journal of Central Asian Studies және т.б.

Жуырда жарық көретін «Routledge Handbook of Central Asian Politics» (Routledge Press) «Орталық Азия саясаты» атты кітабының редакторы болып табылады. Профессор Дилшод Ачилов Қазақстанға келген іссапар мақсаты – еліміздегі ЖОО-дағы, мектеп, колледждердегі исламдық, исламтанулық білім беру бағдарламарымен танысу, сонымен қатар Қазақстан және АҚШ, Таяу Шығыс т.б. өңірлеріндегі исламтану бойынша білім беру бағдарламаларын салыстырмалы талдау жасау. Іссапар барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті магистранттарына жаңа исламдық деструктивті ұйымдар мәселесі бойынша дәрістер оқыды.

Профессор Айнұр Дүрбелеңқызымен кездесу барысында Массачусетс университеті және ҚазҰУ арасында келесі ынтымақтастық мәселелері талқыланды: екі университет барысында келісім шарт орнату, исламтану бойынша қос диплом білім беру бағдарламасы аясында «Орталық Азиядағы ислам» атты ортақ жоба орындау, студенттерге онлайн курс дайындау, магистрант, докторанттардың ғылыми тағылымдамасы және т.б.

Сонымен қатар, Массачусетс университеті студенттерінің дипломдық жобалары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не іссапар мәселесі қарастырылды, дәлірек айтқанда шетелдік студенттерге арналған тағылымдама бағдарламасы, академиялық ұтқырлық мәселелері қарастырылды.

Профессор Дилшод Ачилов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі исламтану мамандығы оқу бағдарламаларына ерекше қызығушылығын танытып, «Орталық Азиядағы ислам» атты бірлескен жоба орындауы бойынша ықыласын білдірді. Әлемнің беделді және танымал Массачусетс университетімен ынтымақтастық орнату Қазақ ұлттық университенің әлемдік білім және ғылым кеңістігіне интеграция үдерісін күшейте түспек.

Альджанова Н.К. 

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының ғылыми-инновациялық және халықаралық қызметтестік жұмыс бойынша меңгеруші орынбасары, PhD