17 қаз, 2018 сағат 15:05

Бірқатар министрлік басшылары Қызылорда облысына келді

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым вице-министрлері мен комитет басшыларынан құралған Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық ақпараттық-насихаттық тобы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша кездесулер өткізіп, аймақтың әлеуметтік-өндірістік нысандарының жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында ҚР Ішкі істер министрі Қызылорда облысы ІІД-нің «Бірыңғай төтенше қызмет «112» жобасымен танысты. Қызылордада «Смарт Қауіпсіздік» жобасын іске асыру аясында өрт қауіпсіздігі, құтқару қызметі, полиция, жедел жәрдем және авариялық газ бойынша кезекші қызметтерді біріктіретін «112» Бірыңғай төтенше қызметі енгізілуде. «112» қызметінің мониторинг жүйесі барлық кіріс қоңырауларын, сондай-ақ, қаланың электрондық картасы бойынша экипаждарды көрсетеді. Патрульдік жасақ мобильдік қосымшасы бар планшеттермен қамтылған, онда барлық қоңыраулар оқиғаның сипаттамасымен қоса келіп түседі.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ағымдағы жылдың маусым айында ашылған Жалағаш АІІБ әкімшілік ғимаратында болды. АІІБ-ның үш қабатты әкімшілік ғимаратында бақылау-өткізу пункттері, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді ұсыну кабинеттері бар. Сондай-ақ, кешен қызметкерлерге арналған жатақхана, арнайы мекеме, жауап алу мен тир бөлмелерін қамтиды.
Облыс активімен кездесу барысында Елбасы Жолдауының негізгі міндеттерін іске асыру механизмдері талқыланды.

Ақпараттық топпен кездесуде облыс әкімі Қ.Көшербаев Жолдаудан туындайтын тапсырмалардың аймақта орындалу барысымен таныстырды.
«Мемлекет басшысы әрқашан қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне баса назар аударып келеді. Осы Жолдауда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бұрын қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жалғасы ретінде әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа бағыттары ұсынылды», - деді аймақ басшысы.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жолдаудың міндеттері бойынша водомстваның атқарған жұмыстары жайлы баяндады.
«Мемлекет басшысы Жолдауында негізгі басымдықтарды айқындап берді. Оның ішінде полиция қызметінің құрылымын жаңғырту, оны жаңа деңгейге көтеру туралы нұсқау берілді. Себебі қоғамдық қауіпсіздік бәрінен де маңызды болып табылады. Қазіргі таңда көп істер атқарылды, бірақ ішкі істер органдарының жұмысында әлі шешілмеген мәселелер бар, сондықтан әлде де атқаратын жұмыстар көп», - деді ҚР Ішкі істер министрі.

Өз кезегінде, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мен олардың жүктемесін төмендету Жолдау басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтаудың электрондық паспорттарын енгізу дәрігерлердің жүктемесін айтарлықтай азайтады. Бүгінгі күні 15 млн. Қазақстандық электрондық медициналық паспортпен қамтылған, ал 2020 жылға қарай барлық азаматтар электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етілетін болады», - деді Ләззат Ақтаева.

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Жолдауда мұғалімдердің мәртебесін жоғарылату, артық тексерулерді жою, ынталандыру шаралары мен мектеп оқушыларына жүктемені төмендету жөнінде ерекше атап өтілгенін айтты. Статистика бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында оқушыларына ең жоғары жүктеме қоятынын, қазіргі таңда министрлік білім беруді жетілдіру бойынша ұсыныстар жинақтап жатқанын айтты.

«Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар ашудың озық тәжірибесі бар екенін атап өткім келеді. Мектепке дейінгі мекемелердің 72 пайызы жекеменшік, сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балаларды жүз пайыз балабақшамен қамту мәселесі шешімін тапқан», - деді вице-министр.

Ақпараттық-насихат топ өңірдегі әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, аудандарда халықпен кездесулер өткізді.