08 қар, 2019 сағат 08:15

Бірқатар ҚАЖ қызметкерлерінің үстінен жемқорлыққа қатысты іс қозғалды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жеке қауіпсіздік қызметімен бірлесіп еліміздің бірқатар аймақтарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау күдіктері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Сонымен, Ақмола облысында тергеу жолымен анықталған EЦ-166/18 мекемесі бастығының тәртіптік-жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, әділет майорының сотталған адамға қамқорлық және қолайлы жағдай жасау үшін азаматтан 400 мың теңге көлемінде пара алу фактісі (Qiwi электронды әмиянына аудару арқылы) тексерілуде.

Қарағанды қаласында облыстың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығымен бірге АК-159/1 мекемесінің бақылаушысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен әшкереленді.

Ол 20 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін сотталушыға марихуана және ұялы телефон өткізу арқылы өзінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

Күдіктілердің өз кінәсін мойындауына және келу туралы міндеттемесін беруіне байланысты оларға қатысты процессуалдық ұстау қолданылған жоқ.