#
#
Дүйсенбі 23/09/2019

Бір мезетте 180 мың адам латын әліпбиінен диктант жазды

  • 10.09.2019
  • 0
  • 168

Бүгін Қазақстан бойынша 180 мың адам латын әліпбиінен диктант жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тілдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара елдегі мектептер мен жоғары оқу орындарында, кітапханалар мен мәдениет ошақтарында өтуде. Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен қолға алынған шараның бірі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Мемлекеттік органдар мен жеке меншік кәсіпорындардан, оқу орындарынан жиналған 200-ге жуық қала тұрғыны ғалым Камал Әлпейісова оқыған «2019 jyl – Jastar jyly» тақырыбындағы мәтінді латын қарпімен 40 минуттың ішінде жазып шықты. Диктант жазушылардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай сияқты белсенділер де бар.

ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев шараның кітапханаға жиналған көпшілікті айтулы шарамен құттықтап, белсенділіктері үшін алғыс білдірді.

«Мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант жазу – Қазақстан халқы Ассамблеясының төл жобасы. Оның мақсаты қоғамымызда халықты ұйыстырушы фактор – мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту. Бүгін бір мезетте 180 мың қазақстандық латын қарпінде диктант жазуға ниет білдірді. 2017 жылы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданғанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық елді мекендерінде осы патриоттық актіге арналған жалпықазақстандық ашық диктант өткізуге бастама көтерген болатын. 2018 жылғы жалпықазақстандық диктанттың тақырыбы Тәуелсіз Қазақстанның жауһары – бас қаламыздың 20 жылдығына арналды. Бүгін осы патриоттық және ағарту акциясын жүргізу арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқайсымыздың бойымызда нағыз қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруды мақсат етеді. Елдің жазу тарихындағы жаңа қадамды қолдау арқылы біздің бойымызда Отанымызды сүю, сауатты жазу, мемлекеттік тілді құрметтей білу қасиеттері тереңдей түсері анық», - деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай латын әліпбиіне оралу – тіл бұзар бөгде ережелердің ықпалынан құтылу үшін қажет деген пікірде. 

«Қазақ тілін қолдау, қазақ тілін одан әрі нығайту – сөзсіз, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының ең маңызды мақсаттарының бірі. Қазіргі таңда жастар арасында «Мен қазақша не үшін сөйлеуім керек» деген сұрақ туындап жүр. Сондай сұрақ қоюшыларға өз пікірімді жеткізгім келеді. Ашығын айту керек, қазақ еліне, қазақ жеріне келген ата-бабаларымыздың өмірін сақтап қалған қиын-қыстау заманда бауыр болған қазаққа шын ниетпен алғыс айту – бұл құр сөзбен емес, нақты іспен болуы керек. Қазаққа алғыс айту – қазақ тілінде еркін сөйлеу деп қабылдауымыз керек. «Қазаққа шынымен риза болсаң, қазақша сөйле» деген ұстаным бәрімізге ұран,  өмірлік қағида болуы тиіс. Біздің қозғалыс осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр», - деген жастар қозғалысының басшысы латын графикасына оралу тілдік реформаның бастауы деген ой айтты.

«Дәл қазіргі тарихи сәтте қоғамда келісімді нығайту процесін басқа деңгейге шығаратын уақыт келді. Ол деңгей мемлекеттік тілмен тікелей байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ тілі мемлекетті тіл ғана болып қалмай, ұлтаралық қатынас тілі болуы керектігін өз Жолдауында айтты. Латын әліпбиіне оралу процесінің негізгі мақсаты бір әріптердің орнына басқа әріптерді әкелу ғана деп ойламауымыз керек. Мұндағы ең басты мақсат  - тіл бұзар орыс тілі ережесінің ықпалынан құтылу. Бұл тілдік реформаны дәл осылай қабылдауымыз керек. Яғни, бұл қарапайым транслитерация емес, бұл толық мағынадағы ауқымды реформа», - деді қоғам белсендісі.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар