20 қаң, 2021 сағат 09:30

Бір аптада COVID-19-дан қайтыс болғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті – ДДҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) әлемде бір аптада коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды ДДҰ ресми сайты. 

ДДҰ апталық эпидемиологиялық бюллетеніне сәйкес, өткен аптада, 11-17 қаңтар аралығында коронавирустан 93 882 адам қайтыс болған. Бұл - пандемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Өткен аптамен салыстырғанда, COVID-19-дан болған өлім 9%-ға артты. Жалпы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 014 957-ге жетті. 

Өткен аптада өлім деңгейі Батыс-Тынықмұхит аймағында 35%-ға өсіп, ең жоғары көрсеткішті көрсетсе, ең төменгі 2%-дық көрсеткіш Шығыс-Жерорта теңізі аймағында тіркелген. Бір аптада COVID-19-дан болған ең көп өлім Америкада тіркелді – 43 804. 

Індеттің таралуына келер болсақ, ДДҰ бюллетенінде Америка, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азияда жұқтырғандар саны азайғаны, ал Батыс-Тынықмұхит аймағында, керісінше көбейгені хабарланған. Вирусқа шалдыққандар Еуропада 15%-ға төмендеген, ал жаңа жұқтыру оқиғалары Батыс-Тынықмұхит аймағында 14%-ға көбейген. 

Ең көп коронавирус жұқтыру оқиғасы Америкада тіркелді – 2 467 817 адам. Одан кейінгі орында 1 610 353 жаңа коронавирус жағдайымен Еуропа тұр. Үшінші орында Оңтүстік-Шығыс Азия, онда 204 654 жаңа жұқтыру оқиғасы тіркелді. Жалпы, ДДҰ мәліметінше, өткен аптада әлемде 4 725 029 адам инфекция жұқтырған.