10 шіл, 2018 сағат 17:11

Білім министрлігі кадр дайындауға қосымша 21 млрд теңге сұрап отыр

Алдағы үш жылда колледждерде кадр дайындау үшін қосымша 21 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» туралы баяндаған Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бірінші, Қызылорда облысында бағдарлама аясында 1515 адамды колледжде оқыту көзделген. Бірақ, әкімдік 500 адамға мемлекеттік тапсырыс бөлген. Әкімдік мәліметі бойынша, Еңбек министрлігі республикалық бюджеттен толық көлемде қаржы бөлмей, мәселе туындап отыр», - деді ол бағдарламаны жүзеге асырудағы түйткілдерге тоқтала келе.

Екіншіден, оның сөзіне қарағанда, келесі оқу жылында кадрларды оқыту бойынша қосымша қажеттілік бар. 10 облыс әкімдіктерімен 8829 адамға қосымша қажеттілік расталды. 7 өңірдің мәліметі бойынша, кадрларға ондай қажеттілік жоқ.

«Жалпы, үш жылға қажеттілік 21 млрд теңгені құрайды. Егер қолдау тапса, министрлік тиісті бюджеттік өтінімді жасайды», - деді вице-министр.