11 жел, 2019 сағат 08:02

Білім министрі шәкіртақы өсіруге қанша қаржы бөлінетінін айтты

Кеше мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25%-ға көтерілетінін айтты. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қанша қаржы бөлінетінін түсіндірді, деп – хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Бір жылды алып қарасақ, ЖОО студенттеріне 13 млрд теңге қаржы қажет. Ал оған колледж студенттерін қоссақ тағы 5-6 млрд теңге керек. Иә, нәтижесінде айтарлықтай сома, дегенмен бұл маңызды шешім. 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы көтерілген, олар бұл жаңалықты көп күтті. Біздің студенттер үшін бұл үлкен қолдау болып табылады» деді А. Аймағамбетов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, барлық санатқа жататын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өседі.

«Шәкіртақы көлемі барлық студенттер үшін көтерілетін болады. Өздеріңіз білетіндей, бізде жоғары дәрежелі шәкіртақы алатын студенттер бар. Одан бөлек, мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған жандар бар. Яғни 25 пайыз барлық студенттерге қатысты», деді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада өткен жастар жылының жабылу салтанаты мен волонтер жылының ресми ашылуы салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көтеруді тапсырды.