20 ақп, 2018 сағат 11:56

Билік халық толқуынан сабақ алған жоқ

Қазір фейсбукте күйіп тұрған тақырыптың бірі жер мәселесі екені даусыз. Бұған дейін бірнеше мәрте өз ойымды айтамын деп оқталғаныммен, оған уақыт таба алмай қиналған жайым бар. 

Екінші бір тақырып бар, ол – дәл осы жер мәселесінде Мұхтар Тайжанға сенеміз бе, Айдын Егеубаевқа сенеміз бе деген.

Осыған қатысты, әуелі үстіміздегі жылдың 16 ақпан күні Астанада жер мəселесіне арналған қоғамдық ашық отырысқа қатысты ойымды айта кетейін. Ол жиынды Мұхтар Тайжан ұйымдастырып, Айдын Егеубаев және көптеген Республикаға танымал ағаларымыз бен апаларымыз қатысты. Әдеттегідей арты айғай-шуға да ұласып кетті. Бір ағамыз айтпақшы, осы кезге дейін ұлтшылдардың бірде-бір жиыны ағай-шусыз өтіп көрмепті, сондықтан оны заңдылық деп қабылдасақ та болатын шығар. Бұл жиынға мен де қатысып, заңға қатысты өз ойларымды айтқан болдым. Алайда, айтамын деп келген біраз сөзімді айта алмай (ол жағы ұзақтау әңгіме), сол айта алмаған ойларымды желі арқылы сіздермен бөліспекпін. Оның өзі ұзаққа созылатын болғасын, мен бір емес, бірнеше тақырыпқа бөліп жариялап отырмақпын. 

Алдымен, бұл жиын не үшін ұйымдастырылды және қандай маңызы болды деген сұрақтарға тоқталып өтейін:

Біріншіден, соңғы бірнеше апта көлемінде ватцап байланысы және әлеуеметтік желілері арқылы жер шетелдіктерге сатылады екен, Парламентте сол туралы заң қаралы жатыр екен деген алып-қашпа әңгіме кеулеп кетті. Сол хабарды таратушылар халықты ашық түрде митингіге шақырып жатты.

Әрине, бұған дер кезінде халықпен жұмыс жасамаған билік, билікке тәуелді БАҚ өкілдері, заң жобасының авторлары, өздерін «халық өкілдеріміз» деп санайтын Парламент депутаттары кінәлі. Олар 2016 жылы жаппай митингіге шыққан халық толқуынан тиісті сабақ алған жоқ, қорытынды жасаған жоқ деуге толық негіз бар. 

Маған салса, сол шындыққа жанаспайтын хабарды таратушылардан көрі, соңғыларының кінәсі басымырақ деп білемін.

Мұхтар Тайжан тарапынан ұйымдастырылған жиын – бірінші кезекте сол өсек қауесетті жоққа шығару үшін болған еді. Халықтың аптығын басып, болуы мүмкін келеңсіз оқиғалардың алдын-алуға бағытталған болатын.

Екінші бір мақсаты – ол Парламентте қаралып жатқан жерге қатысты заң жобасы не туралы, оның халыққа не берері бар деген мәселені талдау болатын. Осыған аз кем тоқталып кетейін. 

Заң бойынша бірінші əрекет концепциядан басталады, осы концепцияда қаралған мәселелері шартты түрде «ішкі» мәселелерді реттеуден тұрады десем де болады.

Олар мыналар:

1. Заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сақтау және жетілдіру. Шынында қазір ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің кезінде кім көрінгенге берілуі салдарынан ол жерлердің тозып немесе пайдаланылмаған күйде қалып қойып жатқандары бар. Бұған қатысты АШМ тарапынан республика көлемінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, бүгінгі таңда қанша дер көлемінің пайдаанылмай отырғаны және қанша жер тозып кеткені туралы сараптама жүргізілген. 

2. Жалға берілген а/ш мақсатындағы жерлердің шекті мөлшерін белгілеу. Кезінде (мораторийге дейін) жерді сатуға бекітілген шекті мөлшер, жерді жалға беруде бекітілмеген. Нәтижесінде, әлем бойынша ең көп жер иеленуден екінші тұрған адам, ол Қазақстанда «Иволга-Холдинг» компаниясының иесі Розинов (қазір Ресейге кетіп қалды дегенде әңгіме жүр интернетте), көкеңіз 1,5 млн гектар жерге ие. Оның үстіне ол ең құнарлы Қостанай облысында орналасқан, Розинов өзі миллионер бола тұра, компаниясы қаржылық қиындықтарға тап болған. Қолданыстағы жер кодексімен ондай алпауыттардан жалға берілген тым көп жерлерді кері мемлекетке қайтару механизмі жеткілікті қарастырылмаған болатын. Сол себепті, ұсынылған нұсқадағы заңға толықтыруларды өз басым қолдаймын.

3. Шекара маңындағы а/ш мақсатындағы жерлерді беруге қатысты талаптарды күшейту. Өзгерістер мен толықтыруларда шекара маңындағы жерлерді беруді шектеу, нақты бегілеу ұсынылып отыр. Меніңше бұл да маңызды мәселелердің қатарында, себебі қауіпсіздік мәселесі әркез бірінші кезекте болуы керек.

4. Елді мекен жерлеріндегі жайылым мәселесі. Кезінде а/ш мақсатындағы жерлердің кім көрінгенге шексіз берілуі салдарынан ауылдық жерлердегі, әсіресе ауылдың айналасындағы жайылым жерлері тарылып әрі тозып кетті. Ұсынылған заң жобасында оларда мемлекет меншігіне кері қайтару және мемлекет есебінен құнарландыру бағытында жұмыстар атқару көзделген. Қолындағы азын-аулақ малымен ғана күнін көріп отырған ауыл тұрғындары үшін өте маңызды деп білемін. 

5. ЖТҮ (ИЖС) құрылысын салуға қатысты жер беру мәселесін реттеу. Бұл енді кез-келген Қазақстандық, оның ішінде қазақ үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Кім қалалық жерден үй салуға он сотық жер алғысы келмейді? Бұл мәселеге қатысты, оның ауқымды әрі менің ұсынысымның қара халыққа ұнамай қалу мүмкіндігі себепті, сәл кейінірек кеңінен тоқталып өткім келеді. Өйткені, өз ойымды түсіндіру/жеткізу үшін көбірек тоқталуым керек болады. 

Бұлардан басқа, жер учаскелерін бөлу, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәсеелеріне қатысты алып қою, жер пайдаланушылардан жерді алып қойған жағдайда төленетін өтемақы, жердің мақсатты пайдалануын өзгертуге қатысты бұрыннан бар заң нормаларын жетілдіру бағытында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.

Көріп отырғаныңыздай, жерді шетелдіктерге жерді сату-сатпау, жерді жалға беру жөнінде мәселе бұл заң жобасында жоқ.

Менің тарапымнан бұл жиында нақты ұсыныс та енгізілді, оған бірақ уақыт қажеттігі себепті, алдағы уақытта арнайы жазатын боламын. 

Ал енді, Мұхтарға сенеміз бе, Айдынға сенеміз бе деген сұраққа келсек, мен ешкімге де сенбеңіз, өз бастарыңызға сеніңіз дер едім. Өз басым адамға емес, ақылға салу арқылы өз ойыма сенгенді дұрыс көремін. Ал кімді қолдаймыз деген сұрақ туындаса, Мұхтарды да, Айдынды да, тіпті осы ФБ-да ұрандатып отырып, жеме-жемге келгенде құмға сіңген судай жоқ болатын «диван батырларды» да қолдау керек дер едім. 

Мұхтардікі сауатты іс-қимыл жасау арқылы билікке халыққа тиімді заңды шығарту. Оның әрекеті сауатсыз дейтін «сауаттылар» болса осы жерге жіктеп-жіліктеп жазып берсеңіздер менің қарсылығым жоқ. Оның барлық қылған істері анық, ашық өзі де нақты істері туралы ел алдында есеп беріп отырады. 

Ал, Айдындікі күш, ешкімге бой бере бермейтін табиғи, дүлей күш. Әгараки, 2016-ы жаппай халық наразылығы болмаса, Айдын бастаған айқайшылар болмаса, Мұхтар кімге сүйеніп, кімге арқа сүйеп билік орындарына барар еді? 

Диван батырларды да қолдау керек дегенім, ойын үшін емес, шын сөзім. Біқатар мемлекеттік органдарда, осы ФБ-ы күні-түні бақылап отыратын арнай бөлімдер ашылғаны белгілі. Олар жай отырмайды, әлеуметтік желілердегі жазбаларға анализ жасап отырады. Сондықтан, жер үшін қандай да бір болмасын мәселе көтерген адамдарды қолдауға лайық деп білемін. 

Мен өзім заңгер болғаннан кейін Мұхтармен көбірек жұмыс жасайтын боламын, өйткені ол менің қызметіме тікелей байланысты. Мақсатым – елді митингіге шығару емес, билікке дені дұрыс, халық қалауына сай келетін заң актісін шығарту. Ал ондай заң шықпайтын болса, елмен бірге мен де алаңнан табылатын боламын!

Бұдан кейін, неге мен халыққа жаппай 10 сотықтан жер беруге қарсы екенімді, Жер кодексінде тағы да қандай кемшіліктер бар екенін, өзімнің тарапымнан бұл бағытта нақты қандай шаруалар атқарылып жатқаны туралы бірнеше пост жазатын боламын.

Абзал Құспанның фейсбуктегі жазбасынан