29 қар, 2016 сағат 09:00

Білгірлер бәйгесі

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті қазақ тіл білімі кафедрасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай  2016 жылдың 22 қарашасында «ШАНДОЗ» атты зияткерлік сайыс өткізді. Оған «5В020500-Филология» мамандығының 2-курс студенттері арасынан шыққан үздік 3 команда қатысты. Қалқамжай Жанат, Мұхтархан Ақнұр, Емешова Гүлдариға, Аманжанова Жансұлу, Сейтбатқал Арлен, Имангазина Меруерт сынды дарынды студенттер өз қатарларынан оқ бойы озық екендіктерін дәлелдеп, сайысқа жолдама алды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық және Алматы қаласының 1000 мерейтойына арналған сайыста егеменді еліміздің және Алматы қаласының тарихына арналған сұрақтармен қатар мамандық бойынша алған білімдері сарапқа түсті. Сайысқа филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы, филология және әлем тілдері факультеті деканының орынбасарлары доцент К. Күркебаев пен Е. Кәрбозовтар әділ төрелік жасады.

Сайыс 3 турдан тұрды.  І тур - «Бәйге» деп аталды. Мұнда студентердің өткен пәндері бойынша тест тапсырмалары берілді. ІІ тур «Жорға» сатысында студенттер 15 сұрақтан тұратын 6 ұяшықтың бірін таңдау арқылы білімдерін тексерді. Осы турдан кейін төмен ұпай жинаған 3 студент ойыннан шығарылып, келесі турға 3 студент қалдырылды. ІІІ тур «Дода» деп аталды. Бұл бөлімде  Тәуелсіз Қазақстан мен Алматы қаласының тарихына қатысты бейне сұрақтар қойылды.  Арнайы дайындалған бейне сұрақтарды факультетіміздің атақты ғалымдары Б. Сағындықұлы, Ө. Әбдиманұлымен қатар А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары қойды.

Нәтижесінде сайысқа қатысқан 6 студенттің ішінен ІІІ орынды Қалқамжай Жанат, ІІ орынды  Сейтбатқал Арлен, І орынды Имангазина Меруерт алды.

Барлық сайысқа қатысушыларға кітап пен диплом табыс етілді. Ал финалға шыққан студенттерге «Лингвоарна» ғылыми-зерттеу орталығының директоры ф.ғ.к., доцент А.Т. Аширова 1 шәкіртақы көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.

Сайысты кафедра меңгерушісі ф.ғ.к., доцент С. Ақымбек және кафедра оқытушылары, ф.ғ.к., доцент Б.Р.Құлжанова, ф.ғ.к., доцент Аширова, ф.ғ.к., доцент Ж.Б.Саткенова, ф.ғ.к., доцент Л.Т.Әлімтаева, оқытушылар А.С.Жүзбаева және М.Е.Таубалдиевтар ұйымдастырды.  

Ел тәуелсіздігінің мерейтойына филология және әлем тілдері факультетінің студенттері де өз білімдерімен «ШАНДОЗ» атанып, сый-тарту жасады.

Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары

доцент Ж.Б. Саткенова, оқытушы А. Жүзбаева