01 сәу, 2019 сағат 16:44

Биғайша Іңкәрбекованың жаңа күйтабағы жарыққа шықты

Таяуда қазақтың өнер әлемінде қырық жылдай әуелей самғаған, бұл-бұл дауысты, қазіргі кезде зейнеттегі Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Биғайша Іңкәрбекова апамыз 70 жасқа толуына байланысты жеке күйтабағын шығарды.

Алматы облысының Қаскелең ауданы Тұрар бөлімшесінде дүниеге келген Биғайша Іңкәрбекова 1968 жылы Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін бітіргеннен кейін, өнер жолын Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының хор капелласында бастап, 1970 жылдан 1992 жылы зейнетке шыққанша Қазақтың мемлекеттік «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінде әнші болып жұмыс істейді.

Табиғатынан тембрі жағымды, бояуы қанық әншіге Л.Хамиди, Ш.Қалдаяқов, Ә.Еспаев, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев сияқты көрнекті композиторларымыз ән жазды. Халқымызға танымал Т.Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай», С.Бәйтерековтың «Өмір, өмір», Ә.Бейсеуовтың «Ауылдың адамдары», Ш.Қалдаяқовтың «Тамды аруы» сияқты әндердің тұсауын кескен тарихи тұлға.

Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, дыбыс режиссері Мақсат Мұхитденов: «Шіркін, бұл кісілердің орындаған әндері алдымен халықтың құлағына жетіп, артынан өзін көруге зар болған халықпен қауышқан нағыз халық әртістері еді ғой. 70-ші жылдары күнде Қазақ радиосынан үзбей беріліп тұратын», - дейді.

Биғайша апайдың күйтабағының дизайнын өзім жасадым. Күйтабаққа репертуарындағы 100-ден аса әннің 23-і кірді. Соңынан әрбір әнін 5-6 реттен тыңдадым. Тоймай тыңдадым. Не деген жаныңды мезі етпейтін ағып жатқан мөлдір бұлақтай тап-таза дауыс. Тыңдаған сайын тыңдағың келе береді, келе береді.

Міне, осындай  біздің асыл маржандарымыз арамызда жүр. Мені халық таниды деп керіліп, созылмайды. Өте қарапайым. Таяуда Самал ықшамауданында орналасқан қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін сататын дүкеніме қарапайым, қартаңдау әйел келіп сөреде тұрған Сәжида Ахметованың күйтабағының бағасын сұрады. Мен қанша тұратынын айтқаннан кейін апай: «Қызым, сен менің кім екенімді білесің бе?» деп сұрады. Мен танымай тұрғанымды айтып кешірім сұрадым. Сөйтсем апай «Мен осы Сәжида апаңмын» деді. Иә, құрметті оқырман, мен үшін аңыз адам саналатын Сәжида Ахметова. Сол кісі міне қарсы алдымда тұр. Аяқ-қолы сап-сау. «Гаухар тас» фильміндегі Салтанаттың айтатын «Гаухар тас» әнін орындаған әнші – Сәжида Ахметова. Кеше ғана өмірден өткен Қадыр Мырза Әли «Талантты қадірлейік тірісінде» деген жоқ па еді. Көңілге мұң ұялататыны – аға буын деп аталатын арамызда жүрген осы кісілердің телебағдарламаларға шақырылмайтынтығы. Әндері радиодан жеткілікті түрде берілмейтіндігі. Неге оларды жастарға үлгі етіп көрсете алмай отырмыз. Көз алдымызда жүрген байлығымызды неге көзі тірісінде қастерлей алмай жүрміз. 

Адамзат тарихында Екінші Дүниежүзілік соғыстың алатын орны ерекше. Әлі күнге дейін сол соғыстың ардагерлерін сый-сыяпат беріп құрметтеп, сыйлаймыз. Ал не үшін қазақтың Өнер майданында қиындығы мен қасіретін белшесінен басып, негізін қалаған адамдарды солай құрметтеп сыйламаймыз. Осы жерде Әшірбек Сығайдың «Ел болар жұрттың үрдісі - өткенін қастерлеу» деген сөзі өте орынды астасып жатыр. Сәжида апайымыздың күйтабағын өзінің туған қыздары демеушілік етіп шығарса, Биғайша апай өз күйтабағын шығару үшін зейнетақысын жинапты. Қандай әділетсіздік?! Биғайша апай Жетісу өңірінің маңдайына біткен тұңғыш ән еркесі десек артық айтпаған болар едік. Сонда осы кісінің 500 ғана данамен шығарылып жатқан күйтабағына бір демеуші табыла қоймағандығы ма?!  

Шығармашылықтың адамы ретінде Биғайша апайдың қазіргі кездегі әншілер туралы өз пікірі бар. Жағымды пікір. Жап-жақсы әншілер бар дейді. Бірақ кейбір өзі тұсауын кескен әндерді бұзып айтқан әншілерді естіп: «Қап, әттеген-ай», - дейді. Нағыз өмір көрген, жан дүниесі таза, шығармашылық адамының, кемеңгер адамның сөзі.

Иә, Биғайша Іңкәрбекова, Ләззат Сүйіндікова, Хафиза Әбуғалиева сынды халқымыз мойындаған нағыз жұлдыздар кезінде еліміздің әрбір азаматының жүрегінен ерекше орын алған әншілер. Олар гастрольдік-концерттік бағдарламалармен еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қыстың қақаған аязында да, күннің шыжыған ыстығында да шалғай ауылдардағы еңбекшілер мен қарапайым халықтың алдында жанды дауыспен ән айтты. Оған сіздерге ұсынып отырған төмендегі суреттер куә.

Өнер жолында Биғайша апай Қ.Жантілеуов, Ж.Елебеков, Ж.Омарова, Р.Бағланова  сияқты сахна саңлақтарымен қатар жүрді. Олар сахна өнері мен мәдениетін  меңгерген нағыз өнер адамдары. Сондықтан болар бұл кісілерді алыстан танисың. «Өнер адамы келе жатыр», - деп жүрегің толқып, өзің де жинала бастайсың. Ал қазіргі кездегі өздерін «жұлдыз» санап  жүрген кейбір әншілерді көптің арасында жүрсе танымайсың.

Осы тұста ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр зерттеушісі Әшірбек Сығайдың жас ұрпаққа айтқан сөзін қайталағым келіп тұр: «Кинотаспаларға, күйтабақтарға зейін қойып, назар таста. Сонда ғана біз айтқан шындықтарға көзің жетеді, кеудеңді қуаныш кернеп, көңілің шалқиды».

Күлайна Оразбекқызы