01 нау, 2019 сағат 10:37

Бибісара Асаубаева бұдан былай жарыстарға Маңғыстаудың атынан қатысады

15 жасар әлемге танымал шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстанға оралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анасы Лиана Танжарикованың айтуынша, Бибісара енді жарыстарға Маңғыстаудың атынан қатысады.

«Біз осыған дейін Ресейде біраз жетістіктерге жеттік. Бибісара мықты мектептен өтті. Ресейден елімізге оралуды жоспарлағалы біраз болды. Маңғыстауға жарысқа келген кезде облыс әкімі ұсыныс жасады. Ойланып, осындай шешімге келдік. Енді Бибісараның Қазақстан намысын қорғайтынына қуаныштымын»,- дейді Лиана.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Бибісараны жеке қабылдап, ерекше алғысын айтты.

«Қасиетті Маңғыстауға қош келдіңіздер. Киелі мекенге шақыртуымды қабыл алып, өңір спортының дамуына үлес қосатыныңызға ризамын. Бұйырса облыста Бибісараның атынан шаxмат мектебін ашып, осы спорттың аймақта өркендеуіне күш саламыз. Қадамыңа сәттілік!», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева осыған дейін турнирлерге Ресейдің атынан қатысып келген еді. 15 жасар вундеркиндті "шаxматтың xаншайымы" деп те атайды. Анасы Бибісараға АҚШ-тан да шақырту келгенін айтты.