#
#
Жексенбі 17/11/2019

Бейжіңнің ауасын мысал етеміз-ау...

  • 23.10.2019
  • 0
  • 1066

Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңадан әзірленіп жатқан экологиялық кодексте қоршаған ортаны ластағандарға салынатын әкімшілік айыппұлды 10 есеге өсіру тетіктерін қарастырып жатқанын естідік. Сөйтіп мемлекет табиғат пен оның ресурстарын келер ұрпақтан «қарызға алған» бүгінгі буынды айыппұл арқылы жөнге салуды көздеген тәрізді. Ал біз 10 еселік айыппұлды қолдаймыз. Өйткені табиғатымыздың тозып бара жатқанын байқап жүрміз. Әйтпесе тым көп айыппұлдың несі жақсы дейсіз?! «Сергектердің» өзі селт еткізетіндей «беделге» ие болғалы қаша-а-ан?!.

Биыл жаз бойы отандастарымыз сенбілік жасап, #Birge #TazaQazaqstan экологиялық қозғалысына қатысты. Бұл бастаманы ел басшылары да қолдап, өзен-көлдердің жағалаулары мен айдындары бір тазарып қалғаны бар. Деректерге қарағанда, акцияға 400 мыңдай отандасымыз қатысып, 40 мың тоннадан астам қоқыс жиналыпты. Ал күзде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі #Birge #JasylQazaqstan акциясын жариялап, челлендж барысында 1 млн түп ағаш отырғызу мақсатын қойды. Тіпті 12 қазан күні дегендеріне жетті де. Сөйтіп осы шаралар арқылы Қазақстан билігі қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөле бастағанын көрсетті. Әйтпесе біздің елде табиғатты қорғауға жауапты министрлік құрылымдық өзгерістер жасалу саны жағынан ақпаратқа бас-көз болатын ведомстводан кейінгі екінші орында тұр. Құрылымның бәлен рет аты өзгеріп, түрлі комитеттер әрі-бері талай көшкен-ді. 2014 жылдан бастап 2019 жылдың маусымына дейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігі де болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология мәселесіне айрықша назар аударуының нәтижесінде салаға жауапты құрылым жасақталды. Сөйтіп экологияға назар аудара бастадық. Әйтпесе, ешкім елеп, ескере бермейтін салалардың бірі болып қалуы мүмкін еді.

Дегенмен, «қоршаған ортаны қорғау мәселесі біздің елде маңыздылығы жағынан нешінші орында тұр екен?», деген сауал да көкейге орала беретіні бар. Әзірге оған нақты жауап жоқ. Өйткені байтақ елдің барлық аймағын қамтыған, тапсырыс берушінің көңіліне қарамайтын, бұра тартпайтын, «тура бидей» ғалымдар жүргізген зерттеу қолымызға түспеді. Дегенмен, қоршаған ортаны ластауымызға назар салсақ, өзектілігі жағынан табиғат қорғау мәселесі көш соңында жүр-ау деп болжаймыз. Шамасы, әлеуметтік жағдайы нашар болып, «аш бала тоқ баладай ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» («Еңбекші қазақ» газетінде 1921 жылы мақал осылай жазылыпты) дейтін халдеміз бе, әлде табиғатқа тек тұтынушылық көзқараспен қарап жүрміз бе, білмейміз, әйтеуір экологияны ойлайтындар сирек. Тіпті табиғат қорғауға қатысты заңдарды да көзге ілмейтіндер бар. Биылғы 9 ай ішінде экологияға қатысты заң нормалары бұзылғандықтан Құқықтық статис­тика комитеті 1363 іс тіркеген. Броконьерлер екі адамды оққа байлады. Бірнешеуін жаралады. Яғни адам өмірі Конституцияда айтылғандай қазына болудан қалған тәрізді. Сол сияқты табиғаттың да қадірі кеміп кеткендей. Жыл сайын орман мен дала өртенеді, заңсыз балық аулаймыз, аң атамыз. Төңірегімізді ластайтынымыз сонша, бір ғана сенбілікте тек шығысқазақстандықтар өзен-көл жағалаулары мен жол бойынан 800 тонна қоқыс жинапты. Бұл қалдықтар кәдімгі бөтелке, пластик құтылар мен альюминий қалбырлар, полиэтилен құтылар. Бұлар бірнеше жыл бұрын лақтырып жіберген қағазыңыз, ағашыңыз немесе өзге де органикалық қалдығыңыз шіріп кеткеннен кейін қалғандар. Мұншама күл-қоқысты жануарлар тастаған жоқ. Біз, адамдар тастадық.

Әлгінде қоршаған ортаны таза сақтау мәселесі өзектілігі жағынан нешінші орында тұр екен деген сауал қойғанбыз. Нақты жауабы жоқ-ау деп тұспалдағанбыз. Дегенмен, пайымдауымызша, экология – біз үшін адам өмірі мен денсаулығынан кейін екінші орынға шығуы тиіс сала. Өйткені болашақтың жарқын болуы экологияға қатысты болып тұр. Таза ауа мен таза су болмаса, топырақтан құнар кетсе азық-түлігіңіздің өзі уға айналады. Ондай жағдайда керемет экономикаңыздың да көк тиындық құны қалмайды. Оған әлемде экономикалық қуаты жағынан екінші орынға шыққан Қытай елінің астанасы Бейжіңдегі ахуал куә. Бейжіңдіктердің аузы-басын тұм­ша­лап, зорға тыныс алатын кездері жиі болып тұрады. Бәріне ауаның ластануы себеп болса керек. Демек, «өгізге туған күн бұзауға» да тууы мүмкін екенін ескергеніміз жөн сияқты.

Айтпақшы, қыс та жақындап қалды. Арқаға аяз түскенде елорданы көмірдің түтіні басатын «өнер» пайда болғанына да он жылдай уақытқа таяпты. Сөйте тұра Бейжіңді мысал етеміз-ау...

Амангелді Құрмет

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар