03 мам, 2017 сағат 07:15

Бесігімізді түзедік, бесік жырымызды ше?

Өз естеліктерінде  А. Янушкевич: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазғаны бар. Енді ойлап қарасақ, қазақ топырағына жер аударылып келген поляк революционерінің осы пікірі  тегіннен-тегін айтылмапты. Сырт көз сыншының бір ұлттың бүтін болмысына бойлай білуінен, менталитеттік деңгей-дәрежесіне дендей алғанынан тұжырымдалыпты. Ал осы өскін ұрпақтың жатық әмсе шешен сөйлеуінің сыры неде дейсіз ғой, кәдімгі бесік жырында.

Мәселенки, қазақтың  «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді», деп қорытылған түйінді сөзін алайықшы. Сүтпен не бітуі мүмкін? Жаман ба, жақсы ма, әйтеуір, бір болжаусыз қасиет бітетіні анық. Ал осы қасиеттің жақсылықтан болмағы – баланың бойына сүтпен бірге сіңген тәрбиелік иммунитеті мол сөзде жатса керек. Ал бұл сөздің бесік жыры екенін сіз бен біз тағы жақсы білеміз. Жалпы, қазақта сүт пен сүйекті байланыстыратын мәйекті лепес көп-ақ. Әңгіменің иіні, реті келгенде соның тағы біреусін мысалға келтірсек дейміз. Мысалы, «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» дейтін мақалды алыңыз. Мұнда да сөздің ғана сүйектен өтетіні расталады. Демек, шыр етіп өмірге келген сәбиге қандай сипаттағы сөз айтасыз, ол сүйегімен – бүтін сана-сезімімен соны сіңіріп өседі деген сөз. Байқасаңыз, мұнда да бала өмірі үшін бесік жырының хас бағбаншымен бірдей екені аңғарылады. Жас шыбықты қисығынан ада етіп, зәу биікке ұмтылған зәулім шынар ететін де солар емес пе?!

Иә, осы ретте, сіз «бесік жыры тек қазаққа ғана тән» деп өз уәжіңізді ортаға салуға қақылысыз.  Енді, осы пікірге жауап беріп, сол арқылы өзгенікі мен өзіміздікінің арасын сәл де болса ажыратып көрсек дейміз (материалдың көлеміне қарай бұл ретте жырларды мазмұндап қана бергенді жөн көрдік – Қ.Қ.).

Айталық, француз халқының бесік жырында балапандарды құтқарған бала бейнесі суреттеледі. Анығында ол бала ақүрпектерді аспаздың қолына түспесін деп бәрінен қорғаштайды. Ал түріктердің бесік жырына үңілсеңіз, тіптен қызық. Олар тұтас жырда «Бала қайдан пайда болады?» деген сауалға жауап іздейді. Тосын түйіндері де жетерлік. Ал неміс халқының бесік жырына құлақ салсаңыз, бір ұлттың бала дегендегі бәйек көңілін сезесіз. Мұнда сөзді «құлақ салсаңыз» деп тарқататынымыз – аталған елдің бесік жыры арнайы бейнероликте «сөйлеп» тұр. Содан-ақ бұл халықтың бесік жырын қалай үгіттейтіні білінсе керек. Әрі онда ананың баласының қамы үшін барлық нәрсені жасауға даяр екендігі баяндалады.

Дүниеде Африка халықтарындай езгі таяғын көп жеп, құлдық қамытын оңбай киген ұлт аз да болар. Заманында мұндай сұмдықтың болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Ал біз мұны неге айтамыз? Себебі, осы халықтардың бесік жыры да азаттықты аңсаған көңілдің арыз-арманы іспетті айтылыпты. Америкаға құлданып барған африкалықтар құл иеленуші – байлардың баласын тербетіп отырып, «сен де, балам, осындай боп өсерсің, сенде де бұл нәресте көрген игілікті көрерсің. Бәріне қолың жетеді», – деген мәнде етегін жасқа толтырып отырып, бесік жырын айтқаны аңыз болып айтылады бүгін. Тыңдаған жанның төбе құйқасын шымырлатар мұндай бесік жырлар әлемнің әр түкпірінде аз да емес шығар. Ал сол ұлттардың теңдікке қолы, киімге иіні, асқа аузы жарыған тұсындағы бесік жыры қандай екен деңізші?!

Осы арада қайта оралып тағы өзімізге тоқталсақ. Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш Әбубәкир Диваев хатқа түсіріп, 1905 жылы жариялаған. Кейіннен ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов оны өз мақаласында ауыз әдебиетінің бір тармағы деп бағалайды. Әрі өзінің атақты «Абай жолы» эпопеясындағы «Абай аға» тарауында:

Қорқытпа менің баламды,
Гулей соққан, ақ боран.
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған, – деп кіріктіреді. 

Енді ойланып көріңіз. Қылышынан қан тамып, ұлттың ұлы құндылықтарын жеті басты аждаһаша жұтқан дәуірде өз шығармасына мұндай сөз жасыру кім-кімнің де қолынан келмесе керек-ті. Сол арқылы туындыгер бір дәуірдің  боямасыз тарихи картинасын сақтап қалды. Сөйтті де: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп өшпес, өлмес өсиетнама қалдырды. Соны парықтаған ақсұңқар ақындар сананы жаңғыртып, тыңнан түрен салды. Атақты алдаспан ақын Мағжан да, дауылпаз ақын Қасым да, сұңғыла суреткер Сағи ақын да төл «Бесік жырларын» жазды. Сөйтіп, ұлттың ұлы құндылығын аман алып қалды.  «Әлди, әлди, ақ бөпем» деп басталатын сол жырлардың қай-қайсысы да тәрбие бұлағындай. Оның көрінісі:

Қолымыздан іс алып,
Мойынына күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып.
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің? – деп аялаған бөбегін үміт күткен ұрпағы, сырттаны һәм сұлтаны атап, рух тамшысын сүйегіне ептеп сіңіреді. Я болмаса:

Айналайын айдан,
Су алайын сайдан.
Жігіт болып, бөпешім,
Тисін елге пайдаң! – деп өлеңдетеді. 

Қарап отырсаңыз, біздің бесік жырларымыздың әлем халықтарының бесік жырларынан ерекшелігі сол – рух жыры басым. Тезден азамат болып ат жалын тартса, ел шетіне шығып жер қорғаса, қазақтай ұлы елдің атын мәшһұр етсе деген арман-мұрат менмұндалайды.  

Осындайда Зейнеп Ахметова апайымыз айтатын тәлімді бір әңгіме еске түсетіні бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. Сол мезетте бесіктегі бала жолаушыға: «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен. 

Осыдан-ақ, сөз басында дәйек еткен поляк революционерінің сөзінің қандайлық растығын болжарсыз.  Бәлки, хакім Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген өлең жолдарының астарында адам ғұмырының сөзден тәрбиеленіп, сөзден мәуелейтіні тұспалданған ба еді, кім біліпті?

Бақсаңыз, ұлт тарихында өшпес із қалдырған  ғалым да, хакім де, ақын да бесіксіз өспепті. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабиден тартып, кешегі жұлдыздай аққан көрнекті ғалым Шоқанға, одан бергі кешегі сөз зергері Әбішке дейін бесіктен өсіп шықты. Кемелденіп шықты. Ал олардың бесік жырынсыз өспегені тағы екібастан делік. Ал бүгін ше? Сіз балаңызға бесік жырын айтып жүрсіз бе, оқырман? 

Тақырыпқа тұздық

Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар өсіп шығыпты. Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қытайлар бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би алыс ауылға сапар шегіп кетіпті. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады… Жылдар өте келе Айдархан би үйленіп, ең тұңғышы туылады. Бірақ туыла салып сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Артынша би оның орнында қалған ағаш бұтағымен қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды.

Қозыбай ҚҰРМАН