14 мау, 2019 сағат 14:01

Бес қыздың өлімі: Нұр-Сұлтан полициясы қылмыстық істі тоқтатты

Елорданың полиция департаменті өртеніп кеткен бес бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаевтың айтуынша, аталған істі қалалық департаменттің тергеу басқармасы жүргізген. Енді, тергеушілердің шешімін прокурорлар тексереді.

"Бес қыздың өлімі бойынша біз толыққанды тергеу жүргіздік. Онымен департаменттің тергеу басқармасы айналысты. Барлық зерттеу мен сараптамалар, сондай-ақ, тергеу шаралары атқарылғаннан кейін аталған қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде ол қалалық прокуратураға тапсырылды. Олар аталған шешімнің заңдылығын тексереді", - деді Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, тексеріс кезінде пештің қалай салынғаны да анықталды. Оны қыздардың әкесі өзі салған.

"Пешті салғанда қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Пештің құбыры мен шатырдың үстіне жабылған материалдың арасына ештеңе салынбапты. Содан өрт шыққан. Ол "времянканы" ресми түрде тіркемеген. Жауапкершілікке үйдің иесі ғана тартылады. Ал бұл жерде ата-ананың өзі иесі болып саналады", - деп атап көрсетті Нұрқаев.

Еске сала кетсек, ақпанның үшінен төртіне қараған түні Астанадағы Көктал-1 тұрғын үй алабында "времянка" өртеніп, 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес бала көз жұмды. Қаза болғандардың барлығы – қыз бала. Ең кішісінің туғанына үш ай ғана болған. Балалардың ата-анасы түнгі уақытта жұмыста болған.