17 мам, 2019 сағат 15:28

“Берлин клубы”: Германия компаниялары АХҚО-ға қалай тартылмақ?

Бүгін елордада Еуразиялық Берлин клубының 26-шы отырысы өтті. Онда Германия Федеративтік Республикасының 50-ден астам компаниясы мен банк басшылары, стартаперлерге “Астана” халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктері таныстырылды.

Сондай-ақ, Қазақстан және Алмания елі арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастардың нәтижелері сөз етілді.

Астана экономикалық форумы (АЭФ) аясында өтіп жатқан “Аймақ үшін АХҚО мүмкіндіктері мен практикалық маңызы” атты клуб отырысына Қазақстан тарапынан АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, ГФР-дағы ҚР Елшісі Болат Нүсіпов, «Kazakh Invest» ҰК АҚ басшылығы, сондай-ақ ҚР экономикалық, коммерциялық және қаржы институттарының өкілдері қатысты. Ал, неміс тарапынан басқосуда Герман экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) басқарушы директоры Михаэль Хармс, «Бәйтерек» ҰБХ тәуелсіз директоры Клаус Мангольд, ГФР-ның ҚР-дағы Елшісі Тило Клиннер және т.б. бой көрсетті.

Өз кезегінде, Еуразиялық Берлин клубы өкілдері аталмыш басқосудың АХҚО алаңында өткеніне қуанышты екендігін жеткізді. “Бүгін Қазақстан мен Германия тарабы дәл осы АХҚО-да бас қосып отырғанына қуаныштымын. Мен былтыр АХҚО-ның ашылу салтанатын көру мәртебесі бұйырған мейман едім. Орталық бүгінде қарқынды дамып, әлемдік қаржы орталықтары арасында өз орнын табуға барынша күш жұмылдырып жатқанын көріп отырмыз. Неміс экономикасы дамыған елдердің қатарына жатқызылғанымен, бізде шикізаттық экономика бір жолға қойылмаған. Өздеріңіз білесіздер, Германияда электротехника, машина құрылысы саласы дамыған. Сондықтан Қазақстан экономиканы әртараптандыру мақсатында, Германияның тәжірибесіне сүйене алады. Ал, АХҚО қазақ елінің экономикасын шикізаттық емес, керісінше, әртараптандырылған экономикаға айналдыруына өз үлесін қосады деген сенімдемін”, - деді Германия елінің өкілдері.

Өз кезегінде Қазақстан тарапынан ГФР-дағы ҚР Елшісі Болат Нүсіпов мен АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз алды. АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов германиялық меймандарға АХҚО мүмкіндіктерін таныстырса, ГФР-дағы ҚР Елшісі Болат Нүсіпов тәуелсіздік жылдары екі ел арасындағы тауар-сауда айналымы көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

“Қазақстанда бүгінде неміс компанияларының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс жасауда. Соңғы 12 жылда Германиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 8,6 млрд АҚШ долларын құраған. Қазақстан қайта өңдеу өндірісіне қашан да қызығушылық танытып келеді. Екі ел осы бағыттағы жұмысын одан ары жалғастыратынына сенімдіміз”, - деді ГФР-дағы ҚР Елшісі.

Жалпы бірлескен басқосу АХҚО, ГФР-дағы ҚР Елшілігі және Герман экономикасының Шығыс комитеті ұйымдастыруымен өтті.