#
#
Сейсенбі 12/11/2019

Бердібек Сапарбаев: Әлеуметтік сала - мемлекеттің басым бағыты

  • 11.10.2019
  • 0
  • 156

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы қойылған міндеттерді шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Негізгі мақсаттардың бірі - отандастарымыздың өмір сүру деңгейін көтеру. Жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру өсіп келеді. Ағымдағы жылы мемлекет бюджетінің 45% денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спортты қаржыландыруға жұмсалды. Тағы бір маңызды мақсат - жалақы деңгейін көтеру. Бұл мәселе өкіметтің жыл сайынғы күн тәртібінен түспей келеді. «Аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау күн тәртібінен түспейді. Осы санаттағы отандастарымызды қолдау үшін бүгінде бюджеттен 147 млрд теңге жұмсалды. Бұл бағытта 2 млн адам қамтылды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Осындай отбасыларға өз ісін ашып, әлеуметтік жағдайын жақсартып алу үшін мемлекет барлық жағдайларды жасауда. Есептеулер бойынша, 8 мың адам өз ісін бастап, 7 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті жеке шаруашылығын дамытуға жұмсаған. 3,5 мыңға жуық көпбалалы отбасы гранттар алды. Бұл да әлеуметтік жағдайды дұрыстап, қоғамдағы ахуалды қалыптастыруға септігін тигізеді.

Б. Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек беру туралы айта келіп, қолдау көрсету масылдық пиғылдың өршуіне соқтырмау керектігін де атап өтті. Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау картасы мен 2030 жылға дейін жасақталған балалардың мүддесіне арналған Қазақстан Республикасының саясаты туралы тұжырымдамасы жөнінде де бөлек әңгіме қаузады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қаржылық салмақты азайтуға бағытталған біраз шаруа атқарылды. 500 мың отандасымыздың тұтыну несиелері азайтылды.

Азаматтық қоғамды дамыту да өзекті тақырыптардың бірі. Үкімет басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, екі тұжырымдама жасақталуда: бірі - «Елеңдейтін мемлекет» және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы керек. «Мемлекеттік қызметкерлер өз жұртшылығына елеңдеуі керек. Азаматтардың бірде-бір өтініші мен шағымы қараусыз немесе жауапсыз қалмауы тиіс», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ол білім беру саласындағы, педагогтардың құқығын қорғауға жөніндегі атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Материалдық жағдайларының жақсаруына, жалақының өсуіне де қатысты бірқатар жұмыстар жалғасын тауып келеді. «Бізде дарынды балалар өте көп. Бұл - елдің болашағы. Оларды қолдауымыз керек»,- деді өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар