23 қаң, 2017 сағат 09:51

Сапарбаев ақтөбеліктердің тұрмысын жақсарту үшін барлық резервтерді пайдалануды тапсырды

"Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктердің тұрмысын жақсарту үшін үшін барлық резервтерді пайдалануды тапсырды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, өңірдің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қортындысы талқыланды. Жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық және қалалық мәслихат депатуттары, облыстық басқарма басшылары, кәсіпкерлер және т.б. қатысты.

 — Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен жыл қиын болды. Бірақ, соған қарамастан, біз мемлекет басшысының экономиканың құлдырауына жол бермеу керек, халықты жұмыспен қамтамасыз ету арқылы олардың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту қажет деген тапсырмасын орындадық. Статистикалық мәліметке жүгінетін болсақ, негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер 2015 жылмен салыстырғанда жоғары, - деді жиналысты ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметовтің баяндауынша, ел Үкіметінің және облыс әкімдігінің дағдарысқа қарсы  уақтылы қабылданған  шараларының нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының дамуында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Осылайша былтыр 9 айда өңірлік жалпы өнімнің көлемі 1 триллион 351,5 миллиард теңгені құраған. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1610,1 мың теңге. 2016 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша, ЖӨӨ 100,5%-дан кем түспейді деп күтілуде. Былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 1 триллион 202,7 миллиард теңге немесе нақты көрсеткіш индексі 102 пайызды құрады. Өңдеуші өнеркәсіп өсу қарқынын көрсетіп, 15,8% көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,3% өсіп, 373,7 млрд. теңге құрады.  Атап айтқанда «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры құрылысы, Байғанин және Шалқар аудандарындағы компрессор станциялары, Ақтөбе қаласы және аудандардағы газ тарату нысандарының құрылысы, Алғадағы мал сою цехы, Ақтөбе қаласындағы жылыжай кешенінің құрылысы, Ақтөбе қаласы және аудандардағы тұрғын үй құрылыстары, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық бағыттарды жақсартуға арналған шараларды жүзеге асыру барысында өсімге қол жетіп отыр.

Жыл қорытындысы бойынша былтыр аймақта атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 136 миллиард теңгеден асқан. Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 616,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 108,7% жүзеге асқан немесе 184.8 млрд. теңге. Сондай-ақ, бөлшек сауда тауар айналымы оң динамика көрсетіп, индексі 101,2% құрады немесе 490,6 млрд, теңге. Осы аталған көрсеткіштер бойынша Ақтөбе облысы Қазақстандағы өзге өңірлер арасында алғашқы үштікке еніп отыр.

Жалпы жұмыссыздық деңгейі жыл қортындысы бойынша 4,8% құрап, орташа республикалық көрсеткіште 0,1 тармақты көрсетіп отыр.

Облыс әкімі ең бастысы - жұмыссыздықтың өсіміне жол бермеу керектігін еске салды.  

- Біз осы қарқынды төмендетпеуіміз керек. 2017 жылы облыс бюджеті 15% артады, 21 жаңа мектеп салып, 650 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз — Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында кемшіліктерімізді жойып, өңірді одан әрі дамыту үшін барлық резервтерді пайдалану. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Мемлекеттік бағдарламалар әр кез бақылауда болуы тиіс. Оның атқарылуын талдап, қарап отыруымыз керек, - деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде халық игілігі үшін барлық шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.

Өңір басшысы әлеуметтік нысандар құрылысын, МЖӘ дамыту, ауылшаруашылығын дамыту және өзге де мәселелерді өткен жылы дер кезінде атқармағаны үшін бірнеше аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Сондай-ақ, кеңейтілген мәжіліс барысында өңірдегі өндіріс саясатын жүзеге асыру, бизнес бағдарламаларын дамыту, облыстағы құрылыс кешінін арттыру, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ, ауылшаруашылығын дамыту секілді өзге де маңызды сұрақтар көтерілді.

 Ұлт порталы