11 жел, 2019 сағат 07:51

Белгілі перулік әнші өз концертін шегеріп, Нью-Йоркке Димашты көруге ұшып келді

Грэмми сыйлығының иегері, перулік атақты әнші Ева Айлан Димаш Құдайбергенді көру үшін өз концертін кейінге шегеріп, Нью-Йоркке келді, деп хабарлайды dimashnews.com сайты.

Қос әнші Д. Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті аясында кездесті. Ева Айланның айтуынша, ол Димаштың әнін алғаш рет өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірінде тыңдаған. Анасы қайтыс болғаннан кейін ауыр күйзеліске ұшыраған перулік әншінің жабырқаған көңілін тіпті, сүйікті музыкасы да көтере алмаған. Осындай қиын уақытта ол Facebook-тен Димаштың «S.O.S» әнін орындаған видеосын көзі шалған.

«Сол сәттен бастап сенің әніңді күн сайын тыңдаймын. Күйзелістен арылдым», - дейді Димашқа ағынан жарылған Ева Айлан.

Осы аптада атақты әншінің концерті өтуі тиіс болған екен. Алайда, қазақстандық жас таланттың концертін тамашалау үшін оны кейінге қалдырып, Нью-Йоркке ұшып келген.

Димашқа арнайы дайындап әкелген сыйлығын табыс еткен Ева Айлан Перуде де қазақ әншісінің фан клубы өте белсенді екендігін айтады. Олар Д. Құдайбергеннің әндерінің мән-мағынасын түсіну үшін өз тілдеріне аударып, шығармашылығының танымалдығын арттыруда белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр екен.

Димаштың анасы Светлана Айтбаева да Ева Айланға арнайы сыйлық табыстап, ұлының шығармашылығына деген шынайы сүйіспеншілігі үшін ризашылығын білдірді.

Еске салайық, Д.Құдайбергеннің 10 желтоқсанда Нью-Йоркте өткен жеке концертіне әлемнің 51 елінен жанкүйерлер жиналды. Олар әншіні Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайдан Қазақстанның Туымен қарсы алған болатын.