23 қар, 2018 сағат 07:16

Академик Карл Байпақов дүниеден өтті

Көрнекті ғалым-педагог, тарих ғылымы­ның докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстандағы археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Карл Молдахметұлы Байпақов дүние салды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.

Карл Молдахметұлы Байпақов 1940 жылы Алматы облысы Талғар қаласында туған. Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академисының академигі және ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі (1996),  Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. Ленинград (1964, қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археологиялық және этнологиялық институтында кіші (1966–1971), аға ғылым қызметкер (1971–1973), бөлім меңгерушісі (1973–1988), археологиялық бөлім жетешісі (1988–1991), институт директорының орынбасары (1991) қызметтерін атқарды. 1991 жылы Археологиялық институттың директоры болып тағайындалды. «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қала мәдениеті (VІ–ХVІІІ ғасырлар)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты.

Карл Байпақов бірнеше халықаралық конференцияларға қатысты (Дрезден, 1984; Вашингтон, 1986; Токио, 1988; Париж, 1992; Пекин, 1992). ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына Қазақстан тарапынан жетекшілік етті (1991). ЮНЕСКО-ның Орт. Азия тарихымен айналысатын Халықаралық ғылыми комитетті мен «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі.

Сондай-ақ ол 22 монография, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1986). «Парасат» орденімен марапатталған.