24 қар, 2020 сағат 18:25

Беларусьте қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мәселесі талқыланды

Жуырда Беларусьтегі Қазақстан дипломатиялық корпусының қызметкерлері Брест және Гродно өңірлік кедендерінің өткізу пункттеріне барды. Бұл туралы Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшілігі хабарлады.

Дипломатиялық корпусының қызметкерлері ЕАЭО шекарасының Беларусь-Литва және Беларусь-Польша учаскелерінде орналасқан Брест және Гродно өңірлік кедендерінің өткізу пункттеріне барды. 

Сапар барысында Қазақстан дипломаттары шекарадағы кедендік бақылау процесімен, кеден қызметкерлерінің паспорттық бақылау жүргізу рәсімімен, «Каменный Лог», «Брузги», «Козловичи», «Брест-Западный» өткізу пункттерінің және «Каменный Лог-Белтаможсервис», «Бремино-Брузги», «Брест-Белтаможсервис-2» көлік-логистикалық орталықтары өткізу пункттерінің инфрақұрылымымен танысты.

Кедендік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушыларда туындайтын проблемалық жағдайлар Гродно өңірлік кеденінің бастығы – А.Н. Ковальчук және Брест кеденінің бастығы – А.К. Пихунмен талқыланды.

Тауарлар мен көлік құралдарын ЕАЭО-ның сыртқы шекаралары арқылы өткізу кезінде кедендік әкімшілендіру мәселелерін шешуде жан-жақты жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жыл сайын ЕАЭО сыртқы шекарасының Беларусь учаскесі арқылы Қазақстан Республикасына 40 мыңға жуық көлік құралы, Қазақстан Республикасынан – 15 мыңға жуық көлік құралы өтеді.

2020 жылдың 10 айында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері Қазақстанның Беларусь Республикасындағы шетелдік мекемелерінің жанында әртүрлі сипаттағы қазақстандық тасымалдаушылардың 42 өтініші бойынша жәрдем көрсетті. Шара барысында Беларусь Республикасының кеден қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып 160-тан астам кедендік декларация бойынша мәселелер пысықталды.