20 қаң, 2017 сағат 13:09

Бекзат Смадияр: "Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір..."

Оның өлеңдерінде шу жоқ. Оның өлеңдері - даладағы жусандай мұңлы, алыстан талып жетер қаңбақ көшкінінің шуындай әуезді. Кейде төбеден қатулы көзбен қараған бұлттай қаһарлы, кейде маңдайымнан сипаған бейтаныс кемпірдің көзіндей тұңғиық. Өзгенің жаңғырығы боп та естілмейді, көлеңкесі боп та көрінбейді. Өзінікін ғана жазады. Өз махаббатын, өз күйін: мылқау қасіреті мен жұмбақ тағдырын. Болмысымен, жан-тәнімен. Асқақ кейіпте. Жасын төкпей, тамырын кеспей. Доспен де сырласпай, қаспен де мұңдаспай. Сөйтіп, ол есі ауысқан кезбедей жағада қалған қайығын іздейді. Сөйтіп, ол "бостандығының туы секілді шашы желбіреп келер" Жайығын іздейді. Сөйтіп, ол ішіндегі күзге ынтық, көктемге құштар белгісіз бір кейіпкерді іздейді. Сөйтіп, ол... Бәрі ой екенін түсінеді. Бәрі - ой...

Ол - ұзақ қарға. Өте ақылды, құпиясы мол һәм ұсқынсыз(көрікті). Бірде күл секілді сұп-сұр, бірде түн секілді қараңғы. Бірақ көктемнің хабаршысы да - осы. Мәңгіліктің хабаршысы да - осы...

Айбол Исламғали

Арылу 

Қимастардың қысмет биін күз билеп 
Жолда көмген қасіретімді еске сап, 
Тырнақ салған іздей боп 
Ай туғанда... алапес.. 
Үш қайтара сәлем салған әжемнің, 
Бетін сипап жұбататын Қара Кеш – 
Дініміз бір туыс ек қой, Сұлтаным! 
Мінәжатым құса болып жазылды 
Оны қалай жыртамын? 

Дәл сол сәттің, 
Азапты сәт ауғанын, 
Оқылмауға тиісті ойлар серті үшін 
Жыртқан жырлар жапалақтап жауғанын, 
Одан бұрын жерлеп тұрып өзімді, 
Жан таба алмай көметін 
Қорланғаным... 
Зарық кешкен кезімді 
Сен көрдің ғой, 
Неге, 
Неге кешіктің?! 
Енді міне, мен күл сынды тазардым, 
Ақты аққа бояғанда не шықты... 

Ескі күнәм жаңа жырды бөктер қып 
Тірі екенін сездіруі... 
ал, сосын, 
Сырың білер жолдастағы өктемдік – 
Қарасындай суық екен өгейдің. 
Қаншалықты шындық бар 
Сұраншақтау көз жасында кедейдің? 
Сұрақ қалды. 
Басқасынан арылдым. 
Жан әжемді жұбат барып Қара Кеш, 
Соңғы тісін қағардай боп сабырдың 
Ай туыпты – 
Таныс тырнақ таңбасы. 
Менің әпкем жасымасын шалғайда, 
Жасымасын менің сырқат жамбасым... 

Әжім 

...Көлеңкелер қақырай үркіп-қашып, 
Тек Іңір тұр қанталап тыртық басы.. 
Түзге шыққан Кемпірдей бүкірейіп 
Ай көрінді аяғын сылтып басып. 

Соры батыс боп біткен ұдайы Іңір, 
Өз асығын иірер күнәйі күн. 
Қай көгенге жусатсам үйіріңді, 
Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір. 

Ой күнәсін кеше алсам құт қылғаны, 
Жонның селеу шашы да бітті ырғалып. 
Мені елітіп барады Кемпірсайдың 
Қолтығының жусаны жықпылданып. 

Түбінде азған көк құлқын – жорығаным. 
Өле қалса Қорқыттың көрі мәлім... 
Қанға жерік қолдағы баяны жоқ 
Мен бір семсер екенмін соры қалың. 

Уыз тамған секілді тұт реңге 
Ескі жұрттың салады түтіні өрнек. 
...Кемпірсайдан қызылкөз жылан қашты, 
Кемпір отыр керенау бұты кернеп... 

Жылан қашты дарияға жаны құштар, 
Дария үсті көпір тұр тамыр ұстап... 
Таң білінді түнектің қара бұрым 
Қайызғағын теріп жеп – сары мыстан. 

*** 

Дерегі жоқ майдандарға куәлік! 
Үмметі жоқ пайғамбарға куәлік! 
Шыжың ауыз сари салған қарғыстан 
Дала шатын суарып 
Топырақты алғаш басқан табаннан, 
Ұлы Үнсіздік ымға жеткен заманнан, 
Қарындасын қатын қылған қағаннан – 
Сескенбейтін болдым мен 
Таңданысым табынуға жеткелі. 
Кәрі саздар кемсең қағып иектері, 
Қош айтыпты Жер бетіне... пендеге... 
Көк Қарғаға айналғанда көк Пері. 
Содан бері тең іздедім жау етер; 
Содан бері ем іздедім тәу етер; 
Жеті ұлын да жерге берген жеңгемдей, 
Түсіктерін санап отыр тәуекел. 
Қыз жасауын жамау қылған жарлыдай; 
Мен сенетін жазылмаған жарғыдай; 
Аяныш пен қарғыс ерткен күндердің 
обалдарын дәргейіңе ал, Құдай?! 
Жұбанатын ажал бар... 
Тәңір мұңсыз... мекенсіз.. 



*** 

Бұл кезең – ұмыту кезеңі... 
Ажал сепкен семсердің жауыздығы секілді 
Сен ұмытыласың, 
Мен ұмытылғандай – 
кітаптар ішінен. 
Кітаптар – боздағым, 
Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді, 
Ал, жырлар – сенгісі келетін маусымдарым ғой 
Үсіген. 
Ал, жылдар... 
Е-хе-хей, жылдар! 
Әжемдей бәрін жұтқаным – 
Қоңырлық. 
Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі 
Түсінем, 
Өмірлік. 

Бостандығымның туы секілді желбіреп шашы 
Жайығым келді. 
Жайық – менің жыланым! 
Басыма қарғалар қонды...
Мен бәрін ой деп түсіндім, 
Осыған сендім – 
Түнегінен боз бояу іздеп 
Күнәнің. 
Қалам – саған серт! 
Қарындасым куә 
Жаңбырға тағдырдың ұйқасатыны секілді, 
Үмітке күдіктің ұйқасатыны секілді 
Ғайып... 
Жырға айналдырам дедім сені 
Шыдадым. 
Тостым. 
Омыраулы шағылдарымнан сезім сауатын 
Азапты ойларым қарқылдап ұшты. 
Қарқылдап ұшқан қарғалар сынды 
Кітапқа көшкім 
келеді менің 
Жайық. 



Жеке қоңыр 

Осы күзден екеуміз де аман шықпаспыз... 
Өзіңнің хатыңнан 

«Сау бол енді, жусаным» жаның жасыл! 
Сары аурудай сарғайдым сағынғасын. 
Жауар бұлттай түйілген көңілімнің, 
Аспанға ілдім идіріп қабырғасын. 

Шекесінде қабырғам құла дүздің, 
Маржандарын жанымның жылап үздім. 
Тас түнектің желбуаз бүйірінен 
Жылдар бойы тілгілеп түн ағыздым... 

...қар жамылған даладай енді ағардым. 
Қасы сынған еріндей кембағалдың – 
Еліктейін әупілдеп сен де қалдың, 
Арқардайын арқырап мен де қалдым. 

Сен барында маусымым тыраулы еді, 
Үзіліп түспей қос түймем қынаулы еді. 
Сыздамаған жараны тырнап ашқан, 
Қай кітаптан жұқтырдым бұл әурені. 

Топырағыңнан бездің бе көктем құсы?! 
(Қорланғанның келеді кектенгісі!) 
А, дүние дегізген аңғал кезім 
Күн – көктен кіші... 

Емдегім кеп шарқатың жиі байлап, 
Тағы келдім қарағаш күйік айдап. 
...сен отырсың ес-түссіз әз анаңның 
Ақ жаулығын басыңа киіп ойнап... 

Ұлт порталы